Астана мәслихатының кезекті сессиясында қаладағы "Керуен" сауда үйінің жанындағы саябаққа қатысты дау шықты. Мәслихат депутаты Асқар Смағұлов саябақ салынған аумақты сату-сатып алу аукционының заңдылығына күмән келтірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Астанадағы "Керуен" сауда үйінің жанындағы көптен бері қаңырап бос жатқан аумаққа таяуда саябақ салынған. Алайда жер телімі бұрын жеке тұлғаға сатылып, кейін 5 есе қымбат бағаға қайта сатып алынғаны белгілі болды.
"Бұл жер пайдаланылмағандықтан 2022 жылы қалаға қайтарылған. 2023 жылы аукцион арқылы сатылады. 4 айдан кейін жекеменшіктен қайтарып алатыны бар, онда аукцион арқылы сатудың не қажеті бар еді? Енді қараңыз, аукционда оны 176 миллион теңгеге сатамыз да, 1 миллиард теңгеден астам сомаға қайта сатып аламыз.
Логика қайда? Оған дейін 4 ай бұрын саябақ салатындарыңызды білмедіңіздер ме? Мен Бас прокуратураға арызданамын – аукционның заңдылығын, 4 ай бұрын мемлекеттік мүлікті сатудың қандай қажеттілігі болғанын тексерсін. Менің ойымша, бұл инсайдерлік ақпаратты пайдалану", –деп мәлімдеді мәслихат депутаты Асқар Смағұлов.
Астана әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов аукцион кезінде саябақ салу жоспары болмағанын айтты. Оның айтуынша, жер телімі жеке меншікке өткенде, жергілікті тұрғындар шағын жер теліміне тұрғын үй кешені немесе басқа нысан салынады деп қауіптенген, сондықтан жерді қайта сатып алып, саябақ салған.
Белгілі журналист Ерқанат Көпжасар депутаттың әкімдікті сотқа бергелі жатқанын айтып, заңсыздыққа назар аударды.
“Астана қаласының депутаты қалалық әкімдікті сотқа бергелі жатыр. Әкімдік "Керуен" сауда үйінің жанындағы жерді 170 млн теңгеге сатып жіберіп, 4 айдан кейін 1 млрд теңгеге сатып алған. Егер іс дәл осылай болса, әкімдіктегі осы іске қатысы бар адамдардың барлығы тиісті жазасын алуы керек. Қоғамдық резонанс тудыруымыз керек. Бұл Астананың қақ ортасында болып жатқан дүние. Астананың маңындағы дүкендерге кіріңізші, неше түрлі сұмдықты көресіз. Түк тәртіп жоқ бұл қалада”, -деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.