АСТАНА, — Олимп Клиникалық-диагностикалық зертханалар (КДЗ) желісінің негізін қалаушы әрі бас директоры Ерлан Сүлейменов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жариялап, компанияға қатысты «жоспардан тыс және негізсіз» тексерулерді тоқтатуға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ашық хатта соңғы екі жылда салық органдары төртінші рет жоспардан тыс тексеріс жүргізбек екендігі айтылған. Оның айтуынша, Жоғарғы сотқа дейінгі соттар алдыңғы тексерулердегі өрескел процессуалдық бұзушылықтарды растағанымен, қысым жалғасып келеді.
“Біз адал әрі ашық жұмыс істейміз. Алайда, салық органдары тарапынан заңдарды субъективті түсіндіруге негізделген шағымдарға әлі де тап болудамыз. Сонымен қатар, олар зертханалық диагностика — бұл арнайы медициналық көмек екенін растайтын Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындыларын елемей отыр, ал бұл корпоративтік табыс салығынан босатылуға жатады. Соттар бірнеше рет біздің жақта болды, бірақ қысым тоқтамай отыр”, деп жазды Ерлан Сүлейменов.
Соңғы жылдары үкімет бизнеске көлеңкелі схемаларды азайту үшін салық мониторингін күшейткенін мәлімдеген. Алайда кәсіпкерлер қауымдастығы кей бақылаулардың шамадан тыс бюрократия мен қаржылық шығынды арттыратынын айтып келеді.
Құзырлы ұйымдар тарапынан жағдайға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Олимп КДЗ - Қазақстанда 6 000-нан аса қызметкері бар ірі жұмыс беруші компания. Соңғы жылдары генетикалық зерттеулерден бастап масс-спектрометрияға дейінгі заманауи диагностикалық технологияларды енгізіп, жаңа туған нәрестелерге арналған кеңейтілген скрининг панельдерін іске қосқан. Басшылықтың айтуынша, ұйымның барлық пайдасы зертханаларды жаңғыртуға қайта инвестицияланады. Сондай-ақ компания басшысы Олимп КДЗ-ге неміс инвесторлары капитал салғандығын, олардың Қазақстандағы іскерлік ахуалға алаңдаулы екенін атаған.
Материалды даярлаған — Ая Өміртай, арнайы Juzмедиа үшін.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.