Ақтөбе гарнизонының әскери сотында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әскери тергеу басқармасының Батыс өңірлік басқармасының бастығы «Д» мен аға тергеуші «С»-қа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі 1), 2) тармақтары бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Әскери соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Істің мән-жайы
2024 жылғы желтоқсан айында «Д» мен «С» алдын ала сөз байласу арқылы куә «Т»-дан 1 000 000 теңге мөлшерінде пара талап еткен. Олар пара бермеген жағдайда жұмыстан шығару және өзге де салдарлармен қорқытқан. 24 желтоқсанда «Д» және «С» 700 000 теңге алып жатқан сәтінде уәкілетті органдардың қызметкерлерімен ұсталды.
Тараптардың ұстанымы:
Мемлекеттік айыптаушы «Д»-ға — 10 жыл, «С»-қа — 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәсін толық мойындамады. Алайда, олардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, тергеу материалдары және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.
Сот шешімі:
ҚР ҚК 366-бабының 3-бөлігі 1), 2) тармақтарына сәйкес, бұл қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот үкімімен «Д» 9 жылға, ал «С» 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Сонымен қатар, екеуі де өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Олардан әскери шендері де алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.