homepage
Фото:depositphotos.com

Астанада қаржы пирамидасын құрған әйел 5 жылға сотталды

21.05.2025, 21:50

2025 жылғы 12 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы пирамидасын құрған әйелге қатысты айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қылмыстық тергеу органы А.-ны қаржылық (инвестициялық) пирамида құрып, оны басқарды деп айыптаған(ҚК 217-бабы 3-бөлігі).

Әйел «Happy Life KZ» ЖШС-нің құрылтайшысы бола отырып, осы компанияны пайдалану арқылы 2016 жылы қаржы пирамидасын құрған.

“А. желілік маркетинг түріндегі матрицалық жүйені қолданып, шақырылған жаңа салымшылардың санына байланысты әр түрлі деңгейдегі салымшыларды орналастырған, мұнда белгілі бір деңгейде қатысушылар құрылымға көтеріліп, төменгі деңгейден көтерілгендердің жарналарынан кіріс алып отырған”, – делінген ақпаратта.

А. заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін «Айсәуле» және «Қазбад» брендтерімен емдік сабын, сұлы сүті қосылған сабын, сүт сабыны, жақпа майды, сусабындарын, бетке арналған маскаларды, сарысулар мен тағамдық қоспалар сияқты нарықтық құны төмен тауарларды пайдалану үшін арнайы стратегияны әзірлеген.

”2016-2024 жылдар аралығында пирамиданың қызметі бірқатар «Маркетингтік бағдарламалардың» мұқабасында жарияланып, оның шеңберінде салымшылардан таңдалған бағдарламаға байланысты 7 500 теңгеден 1 600 000 теңгеге дейін өзгермелі кіру жарналарының әртүрлі деңгейі талап етілген.

Қаржы пирамидасының жұмыс істеуі өз қаражатын кейінірек салған салымшылардың ақшасын бұрын салған адамдардың пайдасына қайта бөлу арқылы қамтамасыз етілген. Алайда, А.-ның қаржы пирамидасының қызметі тоқтаған кезде, мәселелер туындап компанияға ақша салған соңғы салымшылар өз қаражаттарын ала алмаған.

2016 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде А.жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асатын азаматтардың ақшалай қаражатын иемдеген, яғни аса ірі мөлшерде, оның ішінде 35 жәбірленушіге жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын материалдық зиян келтірген.

Сот тергеуінің қорытындысы бойынша А.қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Прокурор А.-ны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындамады, кінәсіздігіне байланысты ақтауды сұрады.

ҚК 217-бабы 3-бөлігінің санкциясы 7 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот жеңілдетін мән-жайлар ретінде егде жастың болуын және соттылықтың жоқтығын таныды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

”Жасалған қылмыстың мән-жайын мен оның ауырлығын, келтірілген залалды өтемеуді, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын, жәбірленушілердің пікірлерін ескере отырып, сот А.-ны азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен 7 жыл мерзімге айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”,  – делінген сот ақпаратында.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талап қоюларын қанағаттандырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.