Қаржылық мониторинг агенттігі Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры мен "Дорстройтрест" ЖШС басшысына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу аяқталғанын хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры мен "Дорстройтрест" ЖШС басшысына қатысты тергеп-тексеруді аяқтаған.
Олар "Көк-Төбе" көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
"2022 жылғы қаңтарда Samruk-Kazyna Construction АҚ мен "Дорстройтрест" ЖШС арасында құрылысқа инвестиция салу туралы келісімшарт жасалып, 2,6 млрд теңге көлемінде аванс төленген. Алайда құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмаған және өрескел бұзушылықтармен жүргізілген. Ал аванс күдіктілер тарапынан құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар 650 млн теңге жалған шарттар арқылы компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қылмыстық жолмен алынған кіріске 23 млн теңге тұратын екі автокөлік сатып алынып, оларды тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімделген. Сот санкциясымен күдіктілердің 170 млн теңге тұратын барлық мүлкіне – 5 автокөлік пен Астанадағы пәтерге тыйым салынды", - делінген хабарламада.
Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеу жарияланған.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.