Алматы облысы Қарасай ауданындағы Жібек жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін шығаратын цехта болған жарылыстан зардап шеккендердің барлығы ауруханада көз жұмды. Бұл туралы компанияның ресми Instagram парақшасында хабарланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Төтенше жағдай 23 мамырда болған. Ол кезде бір адамның қаза тауып, төртеуі ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түскені айтылған. Зардап шеккендердің денесінің 80–90 пайызы күйіп қалған еді.
28 мамырда олардың барлығы алған жарақаттарынан қайтыс болғаны белгілі болды.
“Бұл қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміздің қаза тапқанын зор күйзеліспен хабарлаймыз”, – делінген компания мәлімдемесінде.
Компания басшылығы марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, заң мен ішкі корпоративтік бағдарламалар аясында қарастырылған сақтандыру төлемдеріне қосымша ретінде қосымша материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
“Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қатысты барлық шығынды өз мойнымызға аламыз. Сонымен қатар марқұмдардың болуы мүмкін қарыздарын толық өтеуді қамтамасыз етеміз”, – дейді компания өкілдері.
«АзияАгроФуд» АҚ мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның нақты себебін анықтау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.