homepage
Фото: gosfund.kz

Елімізде балаларға тегін секцияларға бірыңғай ваучер жүйесі енгізіледі

Juzmedia. kz
30.05.2025, 11:51

Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді.

“Алайда жүргізілген тексерістер барысында бірқатар күрделі заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, балаларды жалған тіркеу арқылы қатысу көрсеткіштерін жасанды түрде көбейтіп көрсетілген, 164 секцияда сабақтардың санитарлық талаптарға сай келмейтін пәтерлерде, жертөлелерде және тұрғын үй-жайларда өткізілген, 6 өңірде бұрын істі болған азаматтардың балаларды оқытқаны туралы 20 жағдай тіркелген, сондай-ақ жүйеде тіркелгенімен, нақты сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам бала анықталған. Бұл фактілер алаяқтық, жалған есеп жүргізу және бюджет қаражатын жымқыру ықтималдығын көрсетеді”, – делінген Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарламасында.

Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бастама Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.


“Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.  Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларына жол бермейді”, – дейді министрлік.
 

Платформаны әзірлеу барысында әр өңірдің ерекшелігі мен шығармашылық, спорттық және білім беру қызметтерініндегі айырмашылықтар ескерілетін болады.

Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған:
Нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;
Әмбебап ваучер – баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.