Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жасаған сапары мен Владимир Путинмен жүздесуіне қатысты алғашқы ресми түсініктеме жарияланды. Бұл туралы Nege.kz порталы Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың түсініктемесіне сүйене отырып хабарлады.
Оның айтуынша, Назарбаев Мәскеуге жеке, бейресми сапармен барған. Ол Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараларға шақырту алған, алайда ресми күндері бара алмағандықтан, іс-шаралардан кейін баруға мәжбүр болған.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта болды. Оны Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыс мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына қарамастан сақталып келеді», – деді Үкібай.
Сонымен қатар, ол Назарбаевтың бірқатар халықаралық көшбасшылармен байланысын жалғастырып отырғанын атап өтті. Оның ішінде Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь секілді елдердің басшыларымен тұрақты диалог бар. Бұл байланыстар телефон арқылы сөйлесу, хат алмасу және жеке кездесулер түрінде жүзеге асады.
Сондай-ақ Айдос Үкібай қоғамда тараған кейбір қауесеттерге нүкте қойды:
«Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұрып жатыр. Оның елден кеткені туралы хабарлар шындыққа сәйкес келмейді».
Бұл – Кремльдің ресми сайтында жарияланған видеодан кейін берілген алғашқы түсініктеме. Бұған дейін 2024 жылдың желтоқсанында Назарбаев пен Путин Ново-Огарёвода кездескен болатын.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.