Ел бойынша тек 128 бордақылау алаңы тексеріліп, оның ішінде небәрі 28-і ғана белгіленген талаптарға сай деп танылған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен мал шаруашылығын дамытуға арналған кеңесте айтылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына жеңілдетілген несие беру үшін нақты талаптар қойылған. Соның бірі – бордақыланған малдың кемінде 70 пайызын отандық ет комбинаттарына өткізу міндеті. Бұған қоса, өңдеуші кәсіпорындарда терең өңдеу желісі болуы тиіс.
Кешенді тексеру нәтижесінде 128 бордақылау алаңының тек 28-і, ал 36 ет комбинатының 24-і ғана талаптарға сай деп танылды. Бұл — өндірістік тізбекті толық қамту үшін әлі де жүйелі жұмыс қажет екенін көрсетеді. Ал министрлік фермерден бастап, экспортқа дейінгі барлық буынды қамтитын тізбек құруды көздеп отыр.
Жиында сондай-ақ ет сапасын арттырып, төл алу көрсеткішін жақсарту мақсатында фермерлерге жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жаңа жеңілдетілген несие өнімі ұсынылатыны айтылды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.