Қарағанды облысында синтетикалық есірткі өндірген жасырын зертхана әшкере болды. Бұл – өңірде анықталған ең ауқымды нарколабораториялардың бірі. Бұл туралы Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құқық қорғау органдары «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Северо-Западный кентіндегі жасырын өндірісті тоқтатты. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық прекурсор мен 35 келі дайын есірткі тәркіленіп, екі күдікті ұсталды.
Мұндай көлем – тек кездейсоқ әрекет емес, жүйелі ұйымдасқан өндіріс екенін көрсетеді. Тінту кезінде табылған жүздеген канистр, зертханалық құралдар мен арнайы техника, сондай-ақ бірнеше көлік бұл әрекеттің кәсіби деңгейде жүргізілгенін аңғартады. Демек, бұл зертхана ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп, қара нарықты синтетикалық заттармен қамтамасыз етіп келген болуы мүмкін.
Қоғам үшін ең қауіптісі – мұндай қылмыстық схемаларға бейбіт тұрғындардың тартылу қаупі. Полиция бұл жолы жаңа таратушылардың қатарға қосылуына жол берілмеді дейді. Алайда мәселенің түпкі себебі – синтетикалық есірткіге деген сұраныс күннен күнге артып, оның таралу жолдары барған сайын қолжетімді болып бара жатқанында.
Жойылған зертхана – жекелеген жетістік. Бірақ мұндай зертханалармен күресуге тек рейд пен арнайы операция жеткіліксіз. Есірткі бизнесін тоқтатудың негізгі жолы – осы саланың тамырын тереңнен тартқан әлеуметтік және экономикалық себептерге назар аудару. Әйтпесе бүгін бір зертхана жабылса, ертең оның орнын басатын тағы бірі табылары анық.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.