5 маусым кешкісін әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Орталық Азия тұрғындары аспандағы белгісіз нысанға қатысты түрлі видеолар мен жазбалар жариялады. Әсіресе, Астана аспанында байқалған жарық шұғыла көпшіліктің назарын аударды.
Желі қолданушылары бұл құбылысты комета, спутник қалдығы, спутниктер шоғыры немесе зымыранның сәтсіз ұшырылуы деп топшылады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады:
«Қазақстан Республикасы аумағында әуе кеңістігінің бұзылу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің толық бақылауында. Халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», — делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері аспандағы құбылыстың табиғи сипатқа ие екенін атап өтті:
«Аталған құбылыс атмосфераға еніп жатқан ғарыштық аппараттардың қалдықтарына немесе метеор ағынына ұқсайды. Мұндай нысандар, әдетте, атмосфераның тығыз қабаттарында жанып кетіп, жерге жетпейді», — делінген ведомство хабарламасында.
Қорғаныс министрлігі азаматтардан сабыр сақтап, «расталмаған ақпарат таратпау» қажеттігін ескертті. Құзырлы органдар бұл құбылысты зерттеуде, қажет болған жағдайда ресми түсініктеме беріледі.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.