Coursera платформасы 2025 жылғы Жаһандық дағдылар жөніндегі есебін жариялады. Есеп 109 елден 170 миллионнан астам пайдаланушының оқу деректері негізінде жасалған және цифрлық әрі кәсіби құзыреттер бойынша елдердің әлеуетін бағалайды.
Аталған жаңалықты Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл Қазақстан жалпы рейтингте 37-орынға, ал жасанды интеллектінің жетілу индексі (AI Maturity Index) бойынша 51-орынға тұрақтаған. Есеп авторлары Қазақстанда цифрлық бағыттар бойынша оқуға қызығушылық артқанын атап өтті. Мәселен, генеративті жасанды интеллект курстарына тіркелу бір жыл ішінде 383 пайызға, киберқауіпсіздік бойынша – 80 пайызға, сыни ойлау бағытында – 43 пайызға өскен. Сонымен қатар кәсіби сертификат алу көрсеткіші 50 пайызға ұлғайған.
Қазақстанда цифрлық білім алуға қолжетімділік көрсеткіші де жоғары: Coursera платформасында оқып жатқан қазақстандықтардың 56 пайызы – әйелдер, ал 62 пайызы оқуға мобильді құрылғыларды қолданады. Бұл көрсеткіштер онлайн оқытудың кең қолжетімділігін көрсетеді.
Coursera-дағы белсенділік Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Coursera Qazaqstan бастамасымен байланысты. Ғылым және жоғары білім министрлігінің үйлестіруімен бұл жобаға 2023 жылы 25 ЖОО, 2024 жылы 93 ЖОО, ал 2025 жылы 95 ЖОО қатысқан. Үш жыл ішінде 167 мыңнан астам студент оқудан өтіп, 288 мыңнан астам сертификат алған. 2025 жылы іске қосылған AI Sana жобасы аясында жасанды интеллект бағыты бойынша жеке трек ұсынылып, 47 мыңнан астам сертификат табысталды.
Есепте білім алушылардың мінез-құлық модельдері мен макроэкономикалық көрсеткіштерді біріктіретін жаңа 3.0 әдістемесі қолданылған. Сонымен қатар биыл алғаш рет елдердің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығын бағалайтын AI Maturity Index көрсеткіші ұсынылды. Ол Coursera деректерімен қатар, Халықаралық валюта қоры мен ЭЫДҰ сияқты ұйымдардың мәліметтеріне негізделген.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.