Шілденің басында мұхиттың арғы бетінен тосын хабар жетті. АҚШ президенті Дональд Трамп пен белгілі бизнесмен Илон Маск араздасып қалды. Американың екі қошқары әлеуметтік желіде бір-бірін айыптап, біраз жаққа барысты.
Мәселенің бәрі One Big Beautiful Bill Act деп аталатын салық және шығындар туралы заңнан басталды. Жалпы алғанда, бұл құжат елдегі тұрғындарға көптеген жеңілдік беруді көздейді. Мысалы, қорғаныс саласына және әлеуметтік бағдарламаларға қосымша қаржы бөлінбек. Осы арқылы Трамп әкімшілігі елдегі салық жүйесін бір ізге түсіріп, федеральды бюджетті қайта қарауды көздеп отыр.
Заң жобасы Конгрессте талқылана сала, Маск X желісіндегі парақшасында құжатты жиіркенішті, шектен шыққандық деп сипаттады. Сондай-ақ бұған дейін бюджет шығынын азайту бойынша жасалған жұмыстардың күлі көкке ұшыратынын мәлімдеді. Бұдан кейін де миллиардер әлеуметтік желіде бірнеше пост жазып, заң жобасына қарсылығын ашық білдірді.
Кейінірек, 5 маусымда Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуде Дональд Трамп осы мәселе туралы пікір білдіріп, Маск екеуінің қарым-қатынасы бұзылғанын мойындады. Миллиардердің заң жобасына қарсылық білдіргеніне өкінетінін жеткізіп, президент лауазымына оның көмегінсіз де жететінін алға тартты.
Трамптың сөзіне Илон Маск X парақшасында лезде жауап беріп отырды. Мәселен, «Менің көмегім болмағанда Трамп сайлауда жеңілетін еді. Демократтар Өкілдер палатасын басқарып, республикашылар Сенатта 51-49 есебінде ғана басым түсетін еді» деп жазды.
Әлеуметтік желіге жатып алған Трамп мұндайдан қалыссын ба? Ақ үй басшысы да біраз жалынды пікірлерін төкті. Әуелі Илон Масктан жұмыстан кетуін талап еткенін мәлімдеді. Сондай-ақ оған тиесілі «Электрлі көлік мандатын» қайтарғанын жеткізді. Трамптың айтуынша, осындай артықшылық арқылы Маск «ешкімге қажет емес электр көліктерін сатып алуға мәжбүрлеген».
Іле-шала бюджеттегі дефицитті азайтып, миллиардтаған долларды үнемдеудің бір жолы Илон Маск иелік ететін компанияларға берілген субсидиялар мен келісімшарттардан бас тарту екенін мәлімдеді. Бұған Илон Маск лезде жауап қатып, Dragon ғарыш кемесін пайдаланудан бас тартатынын мәлімдеді. Миллиардердің бұлай доқ көрсетуінің себебі мынада. Dragon ғарыш кемелері Халықаралық ғарыш стансасына ғарышкерлер мен жүк тасымалдауында негізгі рөл атқарады.
Әлеуметтік желідегі айтыс-тартыстың арасында электр көліктері мәселесі де сөз болды. Мысалы, заң жобасында электр көліктерге берілетін жеңілдіктер алынып тастау жоспарланған. Масктың шымбайына батып кеткен де осы болса керек. Өйткені JPMorgan сарапшыларының есептеуінше, заң жобасы қолданысқа енген жағдайда Илон Маскке тиесілі «Тесла» компаниясы 1,2 миллиард доллар жоғалтуы мүмкін. Бұл – мәселенің бір жағы. Екіншіден, жаңа заң бюджет шығындарын әжептеуір ұлғайтпақшы.
Маск бұған дейін Трамп президенттікке келгеннен кейін құрылған DOGE, яғни Үкімет жұмысы тиімділігін бақылайтын департаментті басқарды. Жарты жылдың ішінде Масктың жетекшілігімен DOGE бірнеше федералды агенттіктерге тексеру жүргізді. Нәтижесінде бірнеше департаментте реформалар жасалып, кей бағдарламалар тоқтатылды.
Мәселен, шетелдерге көмек көрсететін USAID бағдарламасын жабу қажет екенін мәлімдеген еді. Кейінірек Трамп бағдарламаны тоқтатуды ұйғарды. Салдарынан Voice of America және Radio free Europe/Radio Liberty ақпарат агенттіктері секілді ұйымдарға қаржы бөлу тоқтатылды. Сондай-ақ басқа да көптеген жобалар жабылды. Қазіргі таңда Трамп әкімшілігі мен АҚШ соты USAID-ке байланысты дауласып жатыр.
Міне, АҚШ-тың федералды шығынын азайтумен айналысқан Илон Маск енді бюджет шығынын ұлғайтуға наразы. X желісінде «онсызда орасан зор бюджет дефицитін 2,5 триллион долларға дейін ұлғайтады» деп жазып, Америка халқына оңайға соқпайтынын алға тартып отыр.
Даудың бәрі мұнымен бітпейді. Илон Маск әлеуметтік желідегі жазбасында Трампқа импичмент жариялауға шақырды. Оның орнына вице-президент Джей Вэнсты тағайындау қажет деп жазды. Сондай-ақ Дональд Трамптың атышулы «Эпштейн файлына» қатысы бар екенін меңзеді.
«Эпштейн файлы» – америкалық қаржы магнаты және миллиардер Джеффри Эпштейннің кәмелетке толмаған қыздарды сексуалдық мақсатта пайдалануына байланысты шыққан даудың бейресми атауы. Аталған деректерде көптеген танымал және ықпалды адамның есімі аталады. Бұл оқиға Америка қоғамында үлкен шу туғызған-тұғын.
Осы даудың салдарынан «Тесланың» акциясы 14 пайызға құлдырап, салдарынан компания 150 миллиард доллар құнын жоғалтты. Кей сарапшы Трамп пен Маскты жанжалы ешкімге опа бермейтінін алға тартады. Мәселен, Гарвард бизнес мектебінің атқарушы ғылыми қызметкері Билл Джордж CNN арнасына берген сұхбатында оқиғаны ауыр жағдай деп бағалап отыр. «АҚШ президентімен ешқашан соғыспау қажет. Мұндай жағдайда бизнесіңе ауыр шығын келеді» дейді Б.Джордж.
Міне, АҚШ президенті Дональд Трамп пен белгілі миллиардер Илон Маск арасындағы даудың ұзын-ырғасы осындай. Қазір әлем попкорнын әзірлеп, ендігі дау қалай болатынын бақылап отыр. Халқымыз «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп қысқа қайырған ғой. Мұхиттың арғы бетіндегі жағдайды көріп, «екі қошқардың басы бір АҚШ-қа сыймады» десек қателеспейтін тәріздіміз.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.