homepage
Фото: ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналынан

ICBC-мен қаржылық байланыс: Қазақстан Қытайдың қарыз нарығына бет бұра ма?

07.06.2025, 07:26

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) басқарма төрағасы Лю Цзюньмен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған кездесу қытайлық капиталдың еліміздегі рөлінің арта түскенін тағы бір рет көрсетті. Тараптар 1 миллиард юаньнан астам сомаға несиелеу мүмкіндігін және 5 миллиард юань көлемінде облигацияларды қытайлық қарыз нарығына орналастыру бастамасын талқылады.

Бұл қадам Қазақстанның сыртқы қаржыландыру көздерін әртараптандыруға тырысып жатқанын көрсетеді. Бірақ бұл бетбұрыстың қандай салдары болуы мүмкін? Қытайдың мемлекеттік банктерімен тығыз әріптестік қандай артықшылықтар мен тәуекелдер алып келеді? Бұл туралы juzmedia.kz сараптап көрді.

Агроөнеркәсіпке алғашқы қадам – 430 млн юань

Биыл наурыз айында ICBC арқылы «Аграрлық несие корпорациясын» қаржыландыру үшін 430 млн юань тартылған. Бұл ауыл шаруашылығына бағытталған тұрақты әрі ұзақмерзімді қаржыландыру тетігі ретінде бағаланды. Ендігі жоспар – осы үлгіні кеңейтіп, Өнеркәсіпті дамыту қорына 1 млрд юань көлемінде қосымша несие тарту және облигация шығару.

Қазақстанның индустриялық секторын қаржыландыруда ICBC белсенді ойыншыға айналып келе жатқандай. Бұған дейін банк «Бәйтерек» холдингімен де бірқатар жобаларды іске асырған.

Сарапшылардың айтуынша, ICBC секілді банктердің басты ерекшелігі – тек қаржыландырумен шектелмей, Қытайдың мемлекеттік стратегиясын қолдауы. Сондықтан мұндай серіктестік қаржыдан бөлек геосаяси салмаққа ие болуы мүмкін.

Қазақстан үшін артықшылықтары түсінікті: төмен мөлшерлемемен ұзақмерзімді қаражат тарту, инфрақұрылым мен өндірістің дамуына серпін беру.

Қытай үшін де бұл байланыстың тиімді екені анық: өңірлік ықпалын күшейту және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Орталық Азияда экономикалық тұрақтылықты сақтау.

Қарыз нарығына шығу – стратегиялық мүмкіндік пе, тәуелділік пе?

Қазақстан тарапынан 5 млрд юаньға дейінгі көлемде облигацияларды ICBC арқылы Қытайдың қарыз нарығына орналастыру мәселесі де көтерілген. Бұл бастама - Қазақстан үшін тың бағыт. Бұған дейін елдің сыртқы нарықтағы облигациялық эмиссиясы негізінен еурооблигациялармен шектелген болатын.

Алайда Қытай қарыз нарығы – өзіндік ережелері мен шарттары бар, күрделі жүйе. Мұнда валюталық тәуекелдермен қатар, саяси және регуляторлық факторлар да маңызды рөл ойнайды. Сондықтан мұндай келісімдер кезінде ашықтық пен ұлттық мүддені сақтау — басты талап болуы тиіс.

«Үкімет халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Біз ICBC-мен ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыру екі ел арасындағы қаржы-экономикалық байланыстарды нығайтуға және бірлескен дамудың жаңа көкжиектерін ашуға ықпал етеді», — деді Олжас Бектенов.

Бұл пікір Қазақстан үкіметінің ICBC-мен байланысқа үлкен үміт артып отырғанын көрсетеді.

 Сондай-ақ кездесуде тұрақты даму мен «жасыл» жобаларды қаржыландыру мәселесі де қозғалған. Қазақстан жасыл облигациялар нарығын қалыптастыруды көздеп отырғанын бірнеше рет мәлімдеді. Бірақ нақты іске асып жатқан жобалар аз. Егер ICBC осы салада қаржылық құралдар ұсынып, Қазақстанмен нақты жобаларға кіріссе, бұл бас

Қытайдың қаржы институттарымен тығыз әріптестік Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашуы мүмкін. Алайда бұл есік екінші жағынан геосаяси тәуелділікке апаруы да ғажап емес. Сондықтан ICBC-мен серіктестікті дамытуда тепе-теңдік пен ашықтық принциптері сақталуы тиіс.

Қытаймен қарым-қатынастың ендігі кезеңі – тек сауда емес, қаржы архитектурасына да тікелей әсер ететін кезең болмақ. Ал ICBC – бұл үдерістегі алғашқы үлкен ойыншылардың бірі.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.