9-13 маусым аралығында Қарағанды қаласында ағзаларды трансплантациялаудан өткен және диализдегі пациенттер арасында республикалық спорттық жарыстар өтеді. Бұл туралы juzmedia.kz порталы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жарыс бағдарламасына жүзу (50 метр, фристайл), боулинг, волейбол, үстел теннисі және дартс кіреді. Қатысушылар бес жас санатына бөлінеді: 18-29, 30-39, 40-49, 50-59 және 60 жастан жоғары.
Іс-шараның мақсаты – трансплантациядан өткен және диализдегі азаматтар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың физикалық мүмкіндіктерін көрсету, халықаралық жарыстарға дайындалу және спорттық құрамалар жасақтау. Сонымен қатар, қоғам назарын қайтыс болғаннан кейінгі донорлық пен трансплантациялау мәселелеріне аудару көзделген.
11 маусым күні сағат 10:00-де жарыстың ресми ашылу рәсімі өтеді. Сол күні «Донорлық пен трансплантаттауды дамыту. Мемлекет. ҮЕҰ.» тақырыбында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен конференция ұйымдастырылмақ.
Іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы, Қарағанды облысының әкімдігі және «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырып отыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.