Өткен жексенбіде Ресейдің бірнеше әскери әуежайына дрондар шабуыл жасады. Бастапқыда әскери сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдары кемінде 11 ұшақ зардап шеккенін хабарлаған. Кейінірек Украина тарапы жариялаған видеоны саралаған мамандар қираған ұшақтар 20-дан көп болуы мүмкін екенін алға тартады.
Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) жүргізген «Өрмек» атты операцияда Ресейдің кемінде төрт әскери әуе базасына шабуыл жасалған. Володимир Зеленскийдің айтуынша, қауіпсіздік қызметі «Өрмекті» бір жарым жыл жоспарлаған. Украина тарапы дрон шабуылынан Ресейдің кемінде 40 бомбалаушы стратегиялық ұшағы қирағанын мәлімдеді. Бұл – Ресейдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының үштер біріне тең.
Дегенмен спутниктік суреттерде шамамен 11-12 ұшақтың қиратылғаны байқалады. Мәселен, OSINT сарапшысы Крис Биггерс Иркутск облысындағы аэродромның спутниктік суретінде үш Ту-95 ұшағы мен Ту-23М3 ұшағының толықтай өртенгені көрінеді. Сондай-ақ тағы үш ұшақтың қирағанын келтіреді. Крис Биггерстің пайымдауынша, олар Ту-23М3 ұшақтары болуы мүмкін. Ал OSINTtechnical арнасы Мурманск облысындағы «Оленья» аэродромында үш Ту-95МС және бір Ан-12 ұшағы зардап шеккенін жазады.
Кей деректер бойынша, осы шабуылдан 7 милилард доллар көлемінде шығын келген. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, дрондардың орташа құны 500 доллар шамасында. Әрине, соғыс жағдайында шабуылдаушы тарап келген шығынды асыра көрсетуге тырысатыны түсінікті.
Бірақ мәселе аэродромда 40 немесе 12 ұшақтың қирағанында емес. Мәселе – шабуылдың қалай жасалғанында болып тұр. «Оленья» және «Белая» аэродромдары Украина шекарасынан тиісінше 1800 және 5000 шақырым қашықта жатыр. Яғни, Украина қауіпсіздік қызметі Ресейдің тылында емін-еркін әскери операция ұйымдастырған. Бұл үшін жүк көліктеріне жасанды интеллектімен жабдықталған дрондарды жасырып, әуежайға жақындағанда қашықтан іске қосқан.
Мұның бәрі Ресей әскери әуе күштеріне жасалған ауыр соққы ғана емес, елдің беделіне де үлкен нұқсан келтіреді. Әскери шолушы Майкл Накидің пайымдауынша, шалғайдағы аэродромдарға дрон арқылы шабуылдау нәтижесінде Украина тарапы Ресейдің әлсіз тұсын көрсетіп берді.
Қалай дегенмен, бомбалаушы стратегиялық ұшақтар Ресейдің ядролық триадасының құрамына кіреді. World Air Forces 2025 деректеріне сүйенсек, Ресейде 2025 жылы 57 дана Ту-22М және 48 дана Ту-95 әскери ұшағы болған. Military Balance сайты 2024 жылы Ресейде 57 дана Ту-22М және 58 дана Ту-95 ұшағы бар екенін жазады. Бұдан бөлек, Ту-160 ұшағының 13 данасы әуе күштеріне қолданысқа берілген.
Демек, Ресейде кемінде 118-128 стратегиялық бомбалаушы ұшақ бар. Жоғарыда аты аталған әскери ұшақтардың бәрі де ядролық оқтұмсықтарды алып ұшуға қабілетті. Ресей бұл ұшақтарды Украинадағы соғыста Х-101 және Х-102 зымырандарын ату үшін қолданып жүр. Дрон шабуылының нәтижесінде кемінде 12 ұшақ қирағанын ескерсек, Ресей стратегиялық бомбалаушы ұшағының 10 пайызынан айырылып отыр.
Әскери шолушы Сергей Ауслендердің айтуынша, «Өрмек» операциясы мінсіз жоспарланып, күткен нәтижеден де асып түскен. Осылайша, кезекті «Перл-Харбор» орын алып отыр. С.Аулсендер дрон шабуылы Ресейдің ядролық триадасының бір тісін қағып алды деп сипаттайды.
Күні кеше Украина қауіпсіздік қызметі шамамен 5 минуттық видео жариялады. Онда дроннан түсірілген кадрлар көрсетілген. Мәселен, «Иваново-Северный» аэродромында екі А-50 ұшағына дронның шабуылы бейнеленген. А-50 өте қымбат барлаушы ұшақ саналады. Бұған дейін Украина тарапы мұндай ұшақтың біреуін атып құлатқан болатын. Military Balance мәліметіне сүйенсек, Ресейде мұндай 10 ұшақ қана болған.
Әскери әуежайларға жасалған шабуылдың ізін суытпай, Украина қауіпсіздік қызметі 3 маусым күні Қырымдағы көпірді жарды. Ресми мәліметке сүйенсек, көпірдің тіректерінің біріне мина қойылған. Қазіргі таңда Қырым көпірінде көлік қозғалысына тыйым салынған. Қырым көпірі логистикалық тұрғыда маңызды саналады. Өйткені шығанаққа жеткізілетін әскери техникалар негізінен осы жерден тасымалданады. Айта кету керек, бұған дейін Украина тарапы көпірге екі рет шабуыл жасаған еді.
Ресейдің шалғай өңірлерінде орналасқан аэродромдарға жасалған дрон шабуылы бір нәрсені анық аңғартты. Бұл әскери тұрғыдағы жеңіс қана емес, ақпараттық соғыстағы үстемдік. Дрондар бомбалаушы стратегиялық ұшақтарды қирату арқылы Ресейдің тылындағы қорғаныстың кемшіліктерін ашып көрсетті.
Абай Асангелді
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.