homepage
Фото: Денсаулық сақтау министрлігінен

Маңғыстау мектептеріндегі асханалардан жаппай бұзушылықтар анықталды

09.06.2025, 08:03

Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларын тексеру кезінде 66 мектептің 65-інен санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды. Бұл туралы juzmedia.kz Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің хабарлауынша, асханаларда мерзімі өткен немесе құжатсыз өнімдерді қолдану, ыстық судың болмауы, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпеуі, тіпті кейбірінен ішек инфекциясын тарататын бактериялар табылған. Арнайы зертханалық талдаулар кезінде ыдыс-аяқ пен жабдықтардан алынған шайындылардың 7,2%-ында ішек бактериялары анықталған.

Тексеру нәтижесінде 18 миллион теңгеден астам сомаға 57 айыппұл салынып, 60 ұйғарым берілді. 62 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Бір материал сотқа жіберілді.

«Бұл жағдай – мектеп асханаларын ұйымдастыру мен бақылау жұмысының өте әлсіз екенін көрсетеді. Былтыр Мұнайлы ауданында 459 бала уланған жағдайдан кейін де ескерту қабылданбаған», – деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова.

Министрлік мектептерде тамақ сапасын арттыру үшін жаңа бақылау тәсілдерін енгізуді жоспарлап отыр. Енді білім беру мекемелеріне алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізу және санитарлық талаптарды қатаңдату көзделіп отыр.

Маңғыстау облысындағы сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова вакцина сақтау қоймасына да барып, вакциналардың сапасы мен тасымал шарттарын тексерді.

Қазіргі таңда өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинамен қамту көрсеткіші – 83,9%.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.