Қазақстанда өндірістегі қауіпсіздік мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр. 2024 жылы елімізде 1 408 адам өндірісте жазатайым оқиғаға ұшыраса, оның 202-сі қаза тапқан. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінде 445 мыңнан астам жұмыс орны зиянды немесе қауіпті деп танылған. Бұдан бөлек, бір жылдың ішінде 15 976 адам еңбекке қабілеттілігінен айырылған. Оның ішінде 8 204 адам кәсіби ауруға шалдықса, 7 771 адам өндірістік жарақаттан зардап шеккен.
«Әрбір жазатайым оқиға мұқият зерттеліп, себептері анықталуы тиіс. Ал жауапты лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілікке тартылуы қажет», – деді министр Үкімет мүшелеріне.
Осы жағдайларға байланысты еңбек қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірнеше жаңа шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, 2024 жылдан бастап Еңбек тәуекелі картасы іске қосылып, қауіпті кәсіпорындарды автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізілді. Сондай-ақ, жұмыс орындарында үздіксіз цифрлық мониторинг жүргізу үшін арнайы датчиктер орнатылады.
Министрлік формалды тексерулерден бас тартып, нақты қауіптің алдын алу мен жұмысшының құқығын қорғауға басымдық беретін реформаларға көшуді көздеп отыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.