Соңғы жылдары әлемде әйелдердің бала табуды кейінге қалдыруы жиі кездесіп жатыр. Дамыған елдерде алғаш рет ана болатын әйелдердің жасы 30-ға жақындаған. Мысалы, Италия мен Испанияда – 32 жастан асқан, Оңтүстік Кореяда – 33 жас. Мұның себебі – көп әйел алдымен оқып, жұмыс істеп, қаржылай тұрақтап алғысы келеді. Кейбірі өмірлік серігін таппағандықтан, отбасын құруға асықпайды.
Осы өзгерістерге байланысты «аналық жасушаны мұздату» (egg freezing) деген әдіс кең таралып жатыр. Бұл – әйелдер өз жұмыртқасын (аналық жасушасын) арнайы жерде сақтап қояды. Кейін, бала көтергісі келген кезде қолдана алады. Бұл процедура бұрын тек денсаулыққа байланысты жасалса, қазір көп әйелдер оны жеке шешім ретінде таңдайды.
Себебі бала табуды кейінге қалдырғанымен, болашақта ана болғысы келетіндер көп. Оқу, мансап, ақша, дұрыс адамды күту сияқты себептер әйелдерді алдын ала қамдануға мәжбүр етеді. Қазір қоғамда да отбасы мен ана болуға деген көзқарас өзгеріп келеді – бәрі өз уақытымен, ыңғайлы кезде болғанын қалайды.
Бұрын бұл тәсілді Батыс елдерінің әйелдері көбірек пайдаланса, енді Қазақстанда да осыған қызығушылық артып келеді. Қазір қазақстандық әйелдер де уақытқа тәуелді болмаудың жолын іздей бастады. Бұл туралы Juzmedia.kz авторы Әсел Дулат сараптап көрді.
Жас ұлғайған сайын әйелдің бала көтеру мүмкіндігі (фертильдік қоры) азаяды
Аналық жасушаны сақтау – бұл тек сән емес, әйел адамның болашақтағы фертилділігін сақтаудың маңызды медициналық тәсілі. Жас ұлғайған сайын әйелдің фертилдік резерві төмендеп, 35–37 жастан кейін көп жағдайда аналық жасушаның сапасы нашарлайды және табиғи түсіп қалу қаупі артады. Сонымен қатар, ЭКО процедурасына дайындық мақсатында да жасушаны сақтау қажет болуы мүмкін — ол болашақта эмбрион құруына қажетті материалды қамтамасыз етеді.
Онкологиялық ем немесе ауыр агрессивті хирургиялық операциялар алдында, мысалы химиотерапияға дейін, аналық жасушаның алдын ала сақтау — болашақтағы ана болу мүмкіндігін тиімді түрде сақтайды. Бұрын аналық жасушаны сақтауды тек онко-пациенттерге ұсынатын, ал бүгінде бұл тәсіл әлеуметтік және медициналық себептерге байланысты кең қолданысқа ие. Осылайша, бұл процедура әйелге болашақты жоспарлауға мүмкіндік беретін маңызды профилактикалық қадамға айналды.
Аналық жасуша қалай сақталады?
Аналық жасушаны (яйцеклетканы) сақтау процесі бірнеше кезеңнен тұрады және арнайы медициналық бақылаумен жүзеге асады.
Алдымен әйел дәрігер-гинекологқа немесе репродуктологқа қаралады. Мамандар жалпы денсаулық жағдайын, гормоналды фонды және аналық без резервін бағалайды. УДЗ мен қан талдаулары арқылы организмнің процедураға қаншалықты дайын екенін анықтайды. Содан соң әйелге шамамен 10–14 күн бойы арнайы гормоналды препараттар салынады. Бұл ем аналық безді бірнеше жетілген аналық жасуша шығаруға ынталандырады. Табиғи циклде бір ғана аналық жасуша жетілсе, бұл жағдайда бірнешеуі дамиды. Жетілген аналық жасушаларды алу — арнайы инемен, ультрадыбыстық бақылаумен жасалатын пункция арқылы жүзеге асады. Бұл қысқа медициналық процедура 10–20 минутқа созылады және жиі наркозбен өтеді.
Алынған сау және жетілген аналық жасуша арнайы лабораторияда бағаланып, витрификация деп аталатын тез мұздату әдісімен сұйық азотта -196°C температурада сақталады. Бұл әдіс жасушалардың құрылымын зақымдамай ұзақ уақытқа сақтауға мүмкіндік береді.
Медициналық стандарттар бойынша аналық жасушалар 10 жылдан аса уақытқа дейін сақталуы мүмкін. Кей елдерде заңмен бекітілген уақыт шектеуі болады, бірақ медициналық тұрғыда ұзақ сақтау зиян емес.
Қазақстанда аналық жасушаны сақтау құны клиникаға және таңдалған пакеттік бағдарламасына байланысты өзгеріп отырады: Орта есеппен 5 жасушаға дейінгі пакеттің құны шамамен 150 000 теңге, ал одан кейінгі әр ай сайынғы сақтау ақысы 30 000 теңгені құрайды.
Ислам діні не дейді?
Ислами тұрғыда аналық жасушаны сақтау жайлы пікірлер әр ел мен діни өкілдікке байланысты әртүрлі. Мысалы, Египеттің Dar Al‑Ifta діни органы 2019 жылы «eggs freezing» –әйелдің өз аналық жасушаларын алдын ала сақтау процедурасын шартты түрде рұқсат еткен: егер әйел неке құрған соң сол жасушаларды ЭКО үшін қолданса және бұл процесс болашақ баланың денсаулығына зиян келтірмесе, әрі сақталатын жасушалар араласпаған жағдайда — бұл исламға қарсы емес.
Сол сияқты Әбу-Даби мен Қатарда да бұл процедураға рұқсат берілген. Бұл ретте Қазақстанда заң аясында әйелдер қауымына аналық жасушаны сақтауға тыйым салынбаған. Ал ҚМБД тарапынан діни тұрғыда ешқандай пәтуа айтылмаған.
Процедура кезінде эмоциялық толқу сияқты сезімдер болуы мүмкін
Мамандардың айтуынша, гормоналдық стимуляция мен пункция кезінде күйзеліс, эмоциялық толқулар және кейбір әйелдерде процедурадан кейін өкіну байқалуы ықтимал. Сонымен қатар, «egg freezing» жасы 35-тен асқан әйелдерде балалы болу мүмкіндігін сақтап қалу тұрғысынан пайдалы болғанымен, бұл жаңашылдық қазақ менталитетіне әзірге толыққанды енген жоқ. Яғни қоғамды екіге жаратын пікірлер аналық жасушасын сақтауды көздейтін әйелдерге психологиялық қысым ретінде әсер етуі мүмкін.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.