homepage
Фото: juzmedia.kz

Су тағдыры – ел тағдыры: жаңа Су кодексі Қазақстан үшін не өзгертеді?

11.06.2025, 10:08

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі өздері әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді деп жарияға жар салды. Қазіргі таң су мәселесі геосаяси әрі тіршілік көзі ретінде де басты назарда тұрғандықтан, министрлік мәлімдемесіне Juzmedia.kz порталы сараптама жасап көрді.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстанның жаңа Су кодексі – елдің су саясатына түбегейлі бетбұрыс жасаған стратегиялық құжат. Бұған дейін жекелеген заңдар мен ережелер деңгейінде шашыраңқы болған нормалар енді тұтас жүйеге біріктірілді. Ең бастысы – бұл кодекс бірінші рет «су қауіпсіздігі» деген ұғымды заң деңгейінде бекітті.

 «Су қауіпсіздігі» ұғымы халықаралық тәжірибеде бұрыннан қолданылып келеді. Ал Қазақстанда бұл түсінік алғаш рет заңдық айналымға енгізілді. Ол тек ауызсу тапшылығымен күрес емес, трансшекаралық ресурстарды қорғау, климат өзгерісіне бейімделу және экожүйелерді сақтау арқылы елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осылайша су мәселесі енді тек экологиялық немесе шаруашылық міндет емес, стратегиялық, ұлттық мәселе ретінде танылды.

Экожүйені сақтау – экономиканы сақтаудың кепілі

Кодексте енгізілген жаңа ұғымдардың бірі – «экологиялық ағын». Яғни, өзен-көлдердегі табиғи тіршіліктің сақталуы үшін су ағынының ең төменгі шегі заңмен қорғалады. Бұл Қазақстандағы талай өзеннің тартылып кетуінің алдын алуға, сонымен қатар табиғи биоәртүрлілікті қалпына келтіруге жол ашады.

Бұрын табиғат пен экономика екеуінің бірін таңдау қажет болған болса, енді олар бір-біріне қарсы емес, біртұтас жүйе ретінде қарастырылады. Кодекс су тапшылығы мен құрғақшылыққа қарсы күресті тек техникалық емес, экологиялық тепе-теңдік аясында шешуге тырысады.

Жергілікті өзенге бөгет салуға тосқауыл

Шағын өзендерге тұйық бөгет салуға тыйым салу – су саясатының жергілікті деңгейдегі маңызды қадамы. Өйткені соңғы онжылдықта көптеген ауылдарда заңсыз немесе тиімсіз бөгеттер экожүйеге орасан зиян келтірді. Енді мұндай әрекеттерге заңдық тосқауыл қойылып отыр. Сонымен бірге, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар арнайы қорғауға алынуы – климатқа бейімделудің экожүйелік тәсілі.

Суды қорғауға бүкіл халық кіріседі

Кодекс тек шенеуніктер мен салалық мамандардың құжаты емес. Енді су бассейндері бойынша құрылған кеңестер шешім қабылдау процесіне қатысып, су тапшылығы мен тасқын қауіпіне байланысты ұсыныс енгізе алады. Бұл – елдің су саясатына халықты тікелей тартудың алғашқы заңнамалық моделі.

Су ресурстары министрлігінің жыл сайынғы Ұлттық ақпараттық есебі және әзірленіп жатқан ұлттық ақпараттық жүйе – ашықтық пен деректерге негізделген басқару үлгісіне көшу жолындағы нақты қадамдар. Бұл жүйе толық іске қосылғанда, Қазақстанның су ресурстарының көлемі, сапасы, пайдалану тиімділігі туралы деректерді онлайн бақылауға мүмкіндік туады.

Су – стратегиялық ресурс. Бірақ соңғы жылдары судың «көлеңкелі нарығы» қалыптасқаны да жасырын емес. Бұл мәселені шешу үшін бассейндік инспекцияларға бақылау және жедел әрекет ету функциясы берілді. Жергілікті биліктің де жауапкершілігі нақты бөлініп отыр. Бұл – тексеріс пен жауапкершілікті орталықтан емес, бассейндік принцип бойынша ұйымдастырудың нышаны.

Гидротехникалық қауіпсіздік – апаттың алдын алу

Су қоймалары мен бөгеттердің апат қаупі – Қазақстан үшін аса өзекті. Кодексте гидротехникалық құрылыстарға арналған жеке тарау мен қауіпсіздік регламентін енгізу – Қызылағаш трагедиясы сияқты қайғылы оқиғалардың қайталанбауына бағытталған шара. Енді әрбір нысанға қауіпсіздік декларациясы, көпфакторлы тексеру және жауапты оператор жүйесі талап етіледі.

Кодексте климаттың өзгеруіне бейімделу нақты тарау ретінде қарастырылып, оған өзен-көлдерді тереңдету, тасқын суды сақтау, теңіз суын тұщыту, ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын енгізу сияқты шешімдер енді. Бұл – Қазақстанның климаттық шындыққа шынайы түрде жауап бере бастағанын көрсетеді.

Суды пайдалануға рұқсат тек айналым жүйесіне көшу жоспары болғанда ғана беріледі. Бұл – суды үнемдеудің декларациядан нақты міндетке айналғанының көрінісі. Ауыл шаруашылығындағы су шығынын азайту, еріген қар суларын рұқсатсыз жинауға мүмкіндік беру де суды тиімді пайдалануға ынталандырады.

Заңдар тоғысы: 13 заң мен 6 кодекске өзгеріс енгізілді

Су кодексі қабылданғанымен, егер ол басқа заңдармен үндеспесе, іске аспай қалуы мүмкін еді. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл жолы олқылық болмады деп отыр: Азаматтық, Жер, Орман, Экология, Кәсіпкерлік, Әкімшілік кодекстер мен 13 заңға нақты өзгерістер енгізілген. Яғни, бұл – тек салалық құжат емес, жүйелік трансформация.

«Жаңа Су кодексін әзірлеу кезінде біз бес негізгі қағиданы басшылыққа алдық. Бұл суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі деп тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту. Бұл құжат еліміздің су саласындағы жаңа мемлекеттік саясатын қалыптастыруға негіз болады. Құжатты әзірлеуге қатысқан Парламент депутаттары мен сарапшыларға алғысымды білдіремін», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның жаңа Су кодексі – суды басқару жүйесін кешенді түрде жаңартуға бағытталған маңызды құқықтық құжат. Ол экожүйені сақтау, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын тиімді пайдалану секілді бірқатар өзекті мәселелерді қамтиды. Кодексте қарастырылған нормалар мен жаңалықтар су саласындағы институционалдық реформалардың негізін қалайды. Алдағы уақытта бұл өзгерістердің іс жүзінде қаншалықты тиімді іске асатыны — практикалық деңгейдегі орындауға, жауапты органдардың үйлесімді жұмысы мен қоғамдық бақылауға байланысты болмақ.

Теги:

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.