homepage
JEWEL SAMAD / AFP / Getty Images

Нобель иегерлері жүлде ақшасын қалай жұмсады?

12.06.2025, 03:10

Нобель сыйлығы – адамзат ақыл-ойының, рухани биігінің ең асыл белгісі. Ол тек медаль мен мадақ ғана емес, сонымен қатар елеулі ақшалай сыйлықпен табыс етіледі.  Жүлденің қаржысы – жүректегі ниеттің көрінісі екені анық. Алайда сол қаржы әрбір лауреаттың жүрек қалауына, өмірлік ұстанымына қарай өз жолын тапқаны да сөзсіз. Біреу оны ғылымға қаржы ретінде салады, тағы біреу өнерге жұмсайды, енді біреулері туыс-туғаны мен отбасының қажетін өтеуге береді. 1 миллион АҚШ долларынан асатын жүлде қаржысын тіпті кейбіреулері үлкен үй сатып алып, баспана қамын ойлапты. Жүрегі жұмсақ жүлдегерлер сыйлық сомасын қайырымдылыққа аударып та жіберген жағдай болыпты. Осы орайда «Нобель ақшасы қайда кетеді?» деген сұрақтың жауабын Juzmedia.kz авторы іздеп көрді.

Ынсап пен ұстаным

2015 жылы Экономика саласындағы Нобель сыйлығының иегері, британдық-америкалық ғалым сэр Ангус Дитон жүлде ақшасын зейнетақы қорына салып, “болашақта біртіндеп жұмсаймын” деп ағынан жарылыпты. Бұл – ақшаға үлкен парасатпен қараудың үлгісі. Ал 1957 жылы Әдебиет саласында топ жарған француз жазушысы Альбер Камю сол қаржыға Францияның оңтүстігінен зәулім үй сатып алып, жазуды жалғастырған. Камю сол үйде өз тағдырынан тамыр тартқан автобиографиялық шығармасын бастап, өкінішке қарай, оны аяқтауға үлгермей кетті…

Таңдауы – тіршіліктің сәні

Алайда өмір тек есеп-қисаптан тұрмайды ғой. Ричард Робертс есімді британ биохимигі (1993 жылғы лауреат) Нобель сыйлығының ақшасына үйінің алдына крокет ойнайтын алаң салдырыпты. Ал экономика саласындағы жеңімпаз Франко Модильяни (1985 ж.) желкенді қайығын жаңартқан. 2001 жылғы медицина лауреаты сэр Пол Нерс жаңа мотоцикл мініп, жастықтың қуатын қайта сезінгісі келген сияқты.

Жақынға – жанашырлық

Ұлы физик Альберт Эйнштейн Нобель сыйлығын аларынан екі жыл бұрын – 1919 жылы-ақ оның ақшасын бұрынғы жұбайы Милева Маричке беруге уәде етіпті. Ұлы ғалым берген уәдесінде тұрды. Бұл – данышпанның ішкі сенімінің, адамдық биігінің белгісі. Ал ирландиялық қаламгер Сэмюэл Беккет (1969 ж.) жүлде қаржысын достарына таратып берген. Досқа деген адалдық пен ниеттің мөлдір көрінісі де осы емес пе?

Ғылымға қайтарылған қазына

Көптеген ғалымдар жүлде ақшасын ғылым мен қоғам игілігіне жұмсауды жөн көрген. Америкалық нейробиолог Пол Грингард анасының құрметіне Пёрл Мейстер Грингард атындағы жүлде қорын құрған. Ол биомедициналық зерттеулер саласындағы әйел ғалымдарды марапаттауға бағытталған. Сонымен бірге Неміс биологы Кристиан Нюсляйн-Фольхард бала күтімі мен тұрмыстық көмек үшін әйел ғалымдарға грант беретін қор құрған. Америкалық космолог Джон Мазер астрономия және космология саласындағы студенттерге арналған стипендия бағдарламасын ашқан.

Қайырымдылық – жүректен туған жол

Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын 2009 жылы алған АҚШ президенті Барак Обама жүлде қаржысын он қайырымдылық ұйымына бөліп берген. Сол арқылы әлеуметтік, білім беру және тұрғын үй жобаларын қолдауға бағыттаған. Ал 2022 жылғы бейбітшілік лауреаты Дмитрий Муратов алтын медалін аукционға қойып, түскен 103,5 миллион долларды украиналық босқын балаларға аударған. Венгр ғалымы Ференц Крауш (2023 ж.) да сыйлық ақшасын украиналық жастардың білім алуына көмектесетін қорға берген.

Жазушылар не істеді?

Жазушы – жүректің үнін қағазға түсіретін жан. Олардың таңдауы да – сол жүректің айнасы. Альбер Камю Францияның жайлы бір бұрышынан үй алып, ішкі әлеміне үңілгенін айттық. Юджин О’Нил Калифорнияда шығыс стиліндегі шығармашылық үй салдырды. Кейбірі балаларын оқытты, бірі қайырымдылық қорына үлес қосты, ал тағы бірі жай ғана күнделікті тұрмысын жеңілдетті.

Солайша Нобель сыйлығының әр тиыны бір тағдырдың, бір шешімнің, тағы бір адамның табыс көзіне айналады. Бірақ бір нәрсе анық – Нобель сыйлығының қаржысы шынайы құндылықтарды айқын көрсететін сынақ секілді.

Дүйсенәлі Әлімақын

Теги:

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.