homepage
Фото: juzmedia.kz

Қыз алып қашу –  қылмыс: заң өзгерді, сана ше?

12.06.2025, 10:39

Алматыда қыз алып қашып бара жатқан көлік апатқа ұшырап, бойжеткен қаза тапты. Сол уақыттарда Мәжілісте дәл осы мәселеге қатысты заң жобасы қаралып жатқан еді. Құжат төменгі палатаның жалпы отырысында екінші оқылымда қабылданды. Алайда бұл қоғамдағы қыз алып қашу мәселесін қаншалықты тоқтата алады? Заңмен тыйым салу өз нәтижесін бере ме? Бұл мәселені Juzmedia.kz авторы Абай Асангелді қарастырып көрді.

Жаңа заңға сәйкес, енді Қылмыстық кодекске «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы қосылып отыр. Ендігі жерде, қыз алып қашқандарға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі, екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі не сол уақытқа түрмеге отырады.

Егер қыз алып қашу оқиғасында күш қолданылса, кәмелетке толмаған адамға қатысты болса, топтаса жасалса, жаза ауырлайды. Мұндай жағдайда 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады не бас бостандығы шектеледі. Немесе бес мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Алда-жалда қыз алып қашу кезінде жәбірленуші абайсызда ауыр зардапқа ұшыраса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар Үкіметтің ұсынысы бойынша адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да, оның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды.

Stop Violence End Tyrany қоғамдық қорының құрылтайшысы Мөлдір Албан заңның тиімділігін алға тартады.

«Жаңа бап бұрынғы баптарға қосымша. «Бостандықтан заңсыз айыру» –  жалпы ұғым. Ал «неке қиюға мәжбүрлеу» нақты қыз алып қашу жағдайына байланысты енгізіліп отыр. Екеуі біріктірілмейді, әрқайсысы өз саласына жауап береді», дейді құқық қорғаушы.

АЛЫП ҚАШУ БОЙЫНША ТҮСКЕН  256 ШАҒЫМНЫҢ БЕСЕУІ ҒАНА СОТҚА ЖЕТКЕН

Заң жобасы екінші оқылымда қабылданғаннан кейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов тың деректің ұшын шығарды. Кейінгі бес жылда елімізде 256 рет қыз алып қашу фактісі бойынша шағым түскен. Соның бесеуі ғана сотқа жеткен екен. Отбасы психологы Ержан Мырзабаев жаңа заң қыз алып қашуға түбегейлі тосқауыл болмаса да, осындай жағдайға түскен адамдардың құқығын қорғайды деп есептейді.

«Қыз алып қашудан қоғам түбегейлі бас тартуына уақыт керек. Өйткені сана өзгеруге тиіс. Дегенмен қыз алып қашуға қарсы өте керемет құрал болады. Бұрын қыздар арыз жазғанда қандай баппен шағымданатын білмейтін. Істі қандай баппен қозғауды да құқық қорғау қызметінің өзі де білмей жататын. Енді осындай жағдайға түскен қыздар өздерін заң жүзінде қорғай алады», дейді Е.Мырзабаев.

ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Қыз алып қашудың шығу төркініне қатысты түрлі пікірлер бар. Николай Кисляковтың 1969 жылы жарық көрген «Очерки по истории семьи и брака у народов Средней Азии и Казахстана» кітабы осыған арналған. Жинақта автор бұл салт Қазақстанда ата-анасы келісім бермегенде немесе той жасауды тым созған кезінде орын алғанын алға тартады.

«The Transformation of Central Asia: States and Societies from Soviet Rule to Independence» атты кітапта Техас университетінің антропологы Цинтии Вернердің осы тақырыпқа арналған тарауы бар. Онда автор қыз алып қашу бұрын келісіммен жүзеге асқанын, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін күштеп қыз алып қашу күрт көбейгенін жазады.

Зерттеуде қызықты үрдіс көрсетілген. Тәуелсіздіктен кейін қыз алып қашуды «қазақтың ұлттық дәстүрі» ретінде ақтау жиілеген. Яғни, мұндай әрекеттер романтика мен «ата-баба жолы» деп сипатталып, қоғамда заңсыздық емес, қалыпты мәдени норма ретінде қабылдана бастаған.

Жылына 5000-ға жуық қыз алып қашу оқиғасының құрбаны болады

Әйелдер құқығын қорғау ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жылына бес мыңға жуық қыз алып қашу оқиғасының құрбаны болады. Мұны нақты статистика деп айта алмаймыз. Өйткені бұған дейін алып қашу құқық қорғау органдарында жекелей тіркелмеген, санақ жүргізілмеген. Оның үстіне, мұндай жағдайға ұшыраған қыздың бәрі арыз жазбайды.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Осы орайда, айта кететін бір мәселе бар. Қыз алып қашу фактісі бұрын болса да, жәбір көруші арыз жазуына болады. Бірақ бұл жерде маңызды мына мәселені ескеру қажет. Қылмыстық кодекстің 71 бабында қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі (ескіру мерзімі) деген түсінік бар. Құқық қорғаушы Мөлдір Албан соңғы бес жылда қыз алып қашу құрбаны болғандар арыз жазуына болады деп есептейді.

«Қылмыстық кодексте қылмыстың ауырлығына қарай, егер неке қиюға мәжбүрлеу орташа ауырлықтағы қылмыс ретінде танылса, жауапкершілікке тарту мерзімі 5 жыл. Ауыр қылмыс ретінде қаралса (мысалы, алып қашу кезінде қорқыту, қысым, күш қолдану болған болса), мерзім 10 жылға дейін ұзарады.

Яғни, егер оқиға сол мерзімнің ішінде орын алса және жәбірленуші арыз түсірсе, іс қозғалуы мүмкін. Ал егер бұл мерзім өтіп кетсе, қылмыстық іс қозғалып, сотқа жеткен күннің өзінде айыпталушы жауапкершіліктен босатылады», дейді М.Албан.

Сонымен қатар құқық қорғаушы алып қашу фактісінде басқа да қылмыстық құрам өз ережелеріне сай тергелуі мүмкін екенін айтады. Мысалы, заңсыз бас бостандығынан айыру, күш көрсету, зорлық секілді жағдайлар жеке баптармен қаралуы ықтимал.

АСАБА ДА ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Тағы бір ескере кететін жайт, қыз алып қашуға қатысқан бүкіл тұлға –  жүргізушіден бастап, той жасағандарға дейін жауапқа тартылуы мүмкін. Яғни, олардың әрекеті қызды мәжбүрлеуге немесе еркінен тыс неке қиюға итермелегені дәлелденуі тиіс. Мәжілісте заң жобасы талқыланған кезде осы мәселе де ескерілген.

«Қылмыстық кодекстің 28-бабына сәйкес, тек орындаушы емес, ұйымдастырушылар мен көмектескендер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ресми мәтін әлі шыққан жоқ, бірақ заң осы логикаға сүйеніп қабылданған», дейді құқық қорғаушы М.Албан.

ЖАҢА ЗАҢҒА ҚОҒАМ ДАЙЫН БА?

Дегенмен отбасы психологы Ержан Мырзабаев заң қабылдаумен мәселе түбегейлі шешілмейтінін алға тартады. Оның айтуынша, қоғам санасын осы заңды қабылдауға дайындау қажет.

«Адамды қандай да бір әрекетке итермелейтін оның санасы. Адам бойында қалыптасқан әдеттер, дүниетаным көп жағдайларда заңнан да, ережеден де жоғары тұрады. Заң қабылдау – бірінші қадам. Ендігі мәселе, сол заңға қоғамды дайындау қажет. Өйткені заң қабылданса да, қоғам бірден оған келісе салмайды. Ақпараттық жұмыстар жүргізу, мәселенің өзектілігін көрсету керек», дейді психолог.

Мәжіліс некеге мәжбүрлеу туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жіберді. Оның жоғарғы палатада мақұлданып, Президенттің қол қоюына жіберуі уақыт еншісіндегі мәселе. Өйткені Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қыз алып қашуды заңсыздыққа балап, оған біржола тосқауыл болу қажет екенін мәлімдеген-тұғын.

Заң күшіне енгенімен, оның іске асырылу тетіктері қалай болады? Қандай қиындық туындауы мүмкін? Құқық қорғаушы Мөлдір Албан басты қиындық дәлел табу екенін алға тартады.

«Көп жағдайда жәбірленуші қорқады немесе үнсіз қалады. Куәгерлер де «отбасылық мәселе» деп араласпауы мүмкін. Сонымен қатар құқық қорғау органдарында да кейде дәстүрге түсіністікпен қарау бар. Сондықтан бұл бағытта жүйелі оқыту мен ішкі бақылау қажет», дейді құқық қорғаушы.

Психолог Ержан Мырзабаев та мұндай пікірмен келіседі. Оның пайымдауынша, заңды ең әуелі қоғам түсініп, қабылдауға тиіс. Салт-дәстүріміз деп қарсылық білдіретіндер болатынын жоққа шығармайды.

«Бізде туысқандық, жақындық қарым-қатынас қатты көп мәселеге әсер етеді. Қызын алып қашса ортаға таныстарын салып, көндіруге тырысады. Немесе табалдырыққа жатып алатын әжелер болады. Түрлі сөздер айтып, жас қызға манипуляция жасайды. Осындай нәрсенің бәрі, әрине, адам психикасына әсер етеді», дейді Е.Мырзабаев.

ЖАҢА ЗАҢ ОРЫНДАЛУЫ ҮШІН АТА-АНАНЫҢ ҚОЛДАУЫ МАҢЫЗДЫ

Психолог осындай жағдайға ұшыраған әрбір қыз құқық қорғау органдарына шағымдануға тиіс екенін айтады. Сондай-ақ қызға ата-ананың, туыстардың психологиялық көмегі қажет деп есептейді.

«Көбіне алып қашқан жағдайда қыз сол жерден физикалық тұрғыда кете алмайды. Өйткені есік алдында қаншама адам отырады. Айдаладағы ауыл болуы мүмкін. Қайда барады?

Бірінші мәселе – осы физикалық тұрғыдағы кедергі. Екіншісі, оған тәулік бойы өте қатты манипуляция жүреді. Жеңгейлер, апалар, әжелер, туысқандар, жақындар әбден үгіттейді. Сөйтіп әбден көндіріп, қолхатын жаздырып, өз еркімен келгенін мойындатады.

Бірақ ата-ана қыздың қандай болсын сөзіне қарамастан оны кері әкелу қажет. Өйткені қыз шешімді үлкен қысыммен қабылдайды. Жаз дегенін жазады, айтқанын орындайды. Психологиялық тұрғыда ата-анасының қолдауы дәл сол сәтте қажет», дейді Е.Мырзабаев.

Сарапшылар заңның тиімді жұмыс істеуі үшін ақпараттық жұмыстар жүргізілгенін, зәбір көргендердің үнсіз қалмауының маңызын алға тартады. Құқық қорғаушы Мөлдір Албан халықпен ашық жұмыс істеу керек деп есептейді.

«Бұл – тек заң қабылдаумен шектелмейді. Ақпараттық науқандар, құқық қорғау органдарына арналған трениңтер, мектептер мен ЖОО-ларда түсіндіру жұмыстары қажет. Ауылдық жерлерге ерекше назар аударған жөн. Сондай-ақ сенім телефондары мен психологиялық көмек желілерін кеңейту маңызды», дейді М.Албан.

Отбасы психологы Ержан Мырзабаев бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамның санасын тәрбиелеу керектігін алға тартады. Бұл тұрғыдан Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты жұмыс істеуге тиіс деп есептейді.

«Елде жарық көріп жатқан фильмдер, сериалдар, токшоулар, бағдарламалар шын мәнінде отбасы құндылықтарын дәріптей ме? Адам ойына, санасына дұрыс құндылықтарды жеткізе ме? Келесісі, университетте немесе жоғары сыныпта міндетті түрде Отбасы психологиясы, Отбасы қарым қатынасы психологиясы секілді пәндерді енгізу қажет», дейді Е.Мырзабаев.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.