Жетісу облысында дәрігер тапшылығының алдын алу мақсатында ауылдық жерге келген медицина мамандарына 10 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Бұл шара облыс әкімінің бастамасымен 2023 жылдан бастап жүзеге асып келеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жергілікті бюджеттің есебінен іске асырылып жатқан бағдарламаның талаптарына сәйкес, көтерме ақы алу үшін дәрігер үш айлық сынақ мерзімінен өтіп, кейін кемінде бес жыл сол өңірдегі медициналық мекемеде жұмыс істеуі тиіс. Қалаға келген мамандарға 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, осы бастаманың нәтижесінде өңірдегі кадр тапшылығы 20,3 пайызға қысқарған. Бағдарлама іске қосылғалы бері 110 дәрігерге көтерме ақы берілген.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қазір 45 маман резидентурада оқып жатыр. Сонымен қатар Түркия мен Оңтүстік Корея сияқты елдерде тағылымдамадан өту қарастырылған. Биыл Көксу ауданында жұмысқа қабылданған 18 дәрігерге арнап бес қабатты тұрғын үй салынуда.
Жетісу облысы әкімдігінің хабарлауынша, бұл шаралар ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өңірге қажетті мамандарды тартуға бағытталған.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.