Бүгінде Forbes тізімінде жүрген миллиардерлердің көпшілігі кәсібін тоқсаныншы жылдары бастаған. Елдегі ең ірі зауыттар мен банк ұйымдары, маңызды активтер де сол бизнесмендерге тиесілі. Оларды Қазақстанның тұңғыш президенті Назарбаевтың жанынан жиі көретін едік, сондықтан көпшілігін экс-президенттің көмегімен байлығын жинады деп есептейді. Juzmedia назарларыңызға Назарбаев жанында жүріп байыған бірқатар миллиардерлер тізімін ұсынады.
Тимур Құлыбаев
Экс-президент көмегімен көтерілген, бизнесін кеңейткен тұлғалар ішінде ең бірінші оның күйеу баласын атап өту керек. Тимур Құлыбаев 1966 жылы Алматыда туған. Оның әкесі Асқар Құлыбаев КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, қоғам қайраткері болған. Тоқсаныншы жылдардың басында Құлыбаев ғылым жолында болады. Алматыдағы Ғылыми-зерттеу экономикалық институтын басқарады. Бірақ бағытын күрт өзгертіп, бизнеске ауысты.
1992-1995 жылдар аралығында ол «Алтын-Алма» концерінің директоры болды. Бұл концерн «Халық банкінің» басқару пакетін иеленеді, қазір «АЛМЭКС» деп аталады.
1997 жылы Назарбаевтың бұйрығымен «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы құрылды. Еліміздің мұнай-газ саласындағы барлық мемлекеттік кәсіпорындары осы холдинг құрамына кірді. 30-ға енді толған жас Құлыбаев осы компанияның вице-президенті болып сайланады.
Екі мыңыншы жылдары экс-президенттің шешімімен Құлыбаев «ҚазМұнайГаз», «KEGOC» , «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры тәрізді мемлекеттік маңызы бар активтерді басқарды.
Forbes Kazakhstan дерегі бойынша, Тимур Құлыбаев дәулеті 5 млрд доллар деп бағаланады. Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде төртінші орынға, ал халықаралық рейтингте 673-орынға жайғасты. Әйелі Динара Құлыбаевамен бірге «Халық Банкін» басқарады. Одан бөлек мұнай-газ және тұрғын үй саудасымен айналысатын кәсіпорындар тиесілі.
Бірақ жаңа Қазақстанда оның жағдайы өзгерді. Атасының мемлекеттік саясаттағы ықпалы азайған соң Құлыбаевтың бизнес империясы да шатқаяқтады. 2024 жылы ол үкіметке 54 нысанды берді. Ал Активтерді қайтару комитеті оның үстінен іс қозғады.
Болат Өтемұратов
Болат Өтемұратов Назарбаевпен селфи жасауға тырысып, бірақ жолы болмай қалған бизнесмен ретінде есімізде қалған. 2015 жылы ТМД саммитінде Өтемұратов экс-президентпен селфи жасамақшы болып жанына келеді, бірақ Назарбаев оның қолын итеріп, әрі қарай кетіп қалған видеосы кеңінен тарап кеткен. Осы бір ыңғайсыз сәтке қарамастан Өтемұратов Назарбаевтың ең жақын адамдарының бірі деп саналады.
1999 жылдан бастап екі мыңыншы жылдардың ортасына дейін ол Ақордада жұмыс істеді. Президент Әкімшілігін басқарды, оның штаттан тыс кеңесшісі болды.
Өтемұратов – елдегі ең ірі бизнесмендердің бірі. Форбстың 2025 жылдағы есебі бойынша, дәулеті 3 млрд доллар деп бағаланады. Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде алтыншы орында. Оған Forte bank, алтын өндіруші RG Gold компаниясы, Астанадағы Ritz-Carlton қонақүйі тиесілі. Сондай-ақ, миллиардер «Нархоз университеті» КЕАҚ (Narxoz University), жекеменшік Болат Өтемұратов қоры (бұрынғы «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры) басқарады. Осы қор арқылы ол «Haileybury Astana School» КЕАҚ пен «Haileybury Almaty» КЕАҚ-дағы үлестерге ие.
Қайрат Боранбаев
Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір туысы, нақтырақ айтқанда құдасы. 2013 жылы Қайрат Боранбаевтың қызы Әлима экс-президенттің немересі Айсұлтанға үйленген. Той Алматыдағы Royal Tulip мейрамханасында өтті. Қонақтарға шетелдік жұлдыздар Канье Уест, Мұстафа Сандал, Максим Галкин келіп өнер көрсеткен еді.
Боранбаев мансабын Қостанайдағы спорт мектебінде қарапайым жаттықтырушы болып бастаған. 1993 жылы білім жолындағы жұмысын тоқтатып, «Дека» компаниясының директоры болады. Екі мыңыншы жылдары «ҚазТрансГаз», «Интергаз Орталық Азия» атты мұнай-газ саласындағы компанияларды басқарды.
Боранбаев 2015 жылы Қазақстанға McDonalds брендін алғаш алып келген бизнесмен. Тек Қазақстан ғана емес Ресей, Беларусьта да дәмханаларын ашты.
2021 жылы Forbes оның байлығын 4,1 млрд доллар деп бағалады.
Алматыдағы Esentai Mall, «Алмалы» сауда орталықтары бизнесменге тиесілі болған. Еске Қазақстан кәсіпкерлері арасында қатты зардап шеккендердің бірі – Қайрат Боранбаев. 2022 жылы қамалып, аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен 8 жылға сотталды. Бірақ 2023 жылы мемлекетке мұнай өңдеу компаниясы, фитнес-орталықтар желісі, қонақүй бизнесі тәрізді активтерін қайтарды. Білім беру қорына 30 млрд теңге құйды. Осыдан кейін ғана ол бостандыққа шықты.
Нұрлан Смағұлов
Смағұлов – еліміздегі ең бай кәсіпкерлердің бірі, алпауыт автоконцернінің иесі. Бірақ бизнес мансабын тоқсаныншы жылдары қарапайым алып-сатар ретінде бастаған. Ол туралы Назарбаевтың естелігі бар.
«Ұшаққа адамдарды толтырып, Америкаға барамыз, үлкен бизнес-кездесулер өтетін. Сол жерде «міне, Нұрлан Смағұлов “машина жасау магнаты” деп таныстыратынмын. Ол сол кезде жай көлік сатып жүретін. Міне, Болат Әбілов “сауда алыбы” деп таныстыратынбыз. Ол жай спорт киімдерін сататын. Негізі ештеңе де жоқ еді. Осы жігіттерге шабыт бергім келді, “міне, мұның бәрі бізде де болады” дегім келді!» – деген еді экс-президент 2015 жылы шыққан деректі фильмде.
Америкадан келген шабытпен 1992 жылы Смағұлов «Астана Моторс» компаниясын құрды. Оның құрамына дилерлік желі, жеңіл және коммерциялық көлік шығаратын екі зауыт, автокомпоненттер өндіретін технопарк кіреді. 2019 жылы Алматыда Hyundai көліктері шығарылатын болды. Оны Назарбаев Смағұловтың «Астана Моторс» компаниясына тапсырды.
2003 жылы Смағұлов MEGA сауда орталықтарының құрылысына кірісті. Алғашқысы Алматыда Розыбакиев көшесінің бойынан салынды.
«Ол кезде тақыр алаң еді, дым жоқ, құр шөп өседі. Мына жерде сауда орталығы болады деген кезде ешкім сенген жоқ», - деп еске алады Смағұлов. Қазір Мега сауда орталықтары Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау қалаларында бар. Форбс дерегіне сенсек, дәулеті 900 млн доллар деп бағаланады.
Әділбек Жақсыбеков
Әділбек Жақсыбеков – бизнестен саясатқа ауысқан кәсіпкерлердің бірі. 1995 жылдан бастап мемлекеттік саясаттағы мансабы басталды. Президент әкімшілігінде жұмыс істеді, индустрия және сауда, қорғаныс министрі болды, Астана қаласының әкімі болып тағайындалды. Назарбаев тапсырмасымен астана Алматыдан солтүстікке ауыстырғанда, процестің дұрыс өтуіне жауапты болғандардың бірі Жақсыбеков еді.
Ол 1988 жылы көп салалы «Цесна» корпорациясының негізін қалады. Оның құрамына «Цесна» астық шығару концерні, «Цеснабанк» кіреді. 1994 жылы тіркелген бұл банк 2019 жылға дейін жұмыс істеп, елдің жетекші банктерінің қатарынан тұрақты орын алды. 2017 жылдары «Цеснабанк» мемлекеттен миллиардтаған көмек алған қаржы ұйымдарының қатарында болды. Кейін бұл банкті Назарбаевқа қатысы бар деген Jusan Bank сатып алды.
2014 жылы холдинг құрамынан «Цесна-Астық» концерні шықты. Қазір ол JFood Kazakhstan деп аталады, биыл оны кәсіпкер Тұрсын Алагөзов сатып алды.
Ашық деректердегі мәліметте 2020 жылы Жақсыбеков «ҚазТрансГаз» басқарма төрағасы болды деп жазылған. Бұл қызметте 2022 жылға дейін отырды. Одан кейін Әділбек Жақсыбековтың қайда жүргені белгісіз.
Андрей Лаврентьев
Көпшілікке таныс бірақ бейтаныс кәсіпкердің бірі. Ашық деректерден Лаврентьев пен Назарбаевтың тығыз байланысын көрсететін ақпарат таппайсыз. Бірақ оның автоимпериясы ұдайы экс-президент тарапынан қолдау көріп келе жатқанын көреміз. Кейбір БАҚ жазуынша, Лаврентьевтің әріптесінің бірі Гафур Ихсан экс-президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусинмен тығыз қатынаста болған көрінеді.
Лаврентьев 1979 жылы Алматыда туған. 2003 жылы, 24 жасында AllurAuto компаниясының негізін қалайды. Аз уақыт ішінде холдинг кеңейді, шетелден дайын бөлшектерді елге жеткізіп, Қазақстанда автомобиль құрастыруды бастайды.
2013 жылы Назарбаев Лаврентьевке тиесілі «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауытына арнайы «Алтын сапа» сыйлығын берді. 2017 жылы ол «АгромашХолдинг» АҚ-ның жалғыз акционері болып, ел аумағында ауыл шаруашылық техникасын өндіре бастады.
Лаврентьев кәсібін ескі Қазақстанда бастағанымен, жаңа Қазақстанмен байланысын жоғалтпаған, тіпті бизнесін кеңейте түскен аз кәсіпкердің бірі. 2023 жылы оған тиесілі Qazaqstan Steel Group үндістандық Арселор Митталдан Қарағандыдағы көмір шахтасын сатып алды. Тау-кен саласында тәжірибесі жоқ бизнесменге неге мемлекеттік маңызы бар активті сеніп тапсырғаны белгісіз.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.