2025 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатысқан студенттер арасында ең көп таңдалған мамандық – тігінші болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментіне сілтеме жасап Juzmedia.kz хабарлайды.
Кәсіптік оқыту курстарына жолдаманы өңірлік мансап орталықтары берді. Оқу ақысы жергілікті бюджет есебінен төленіп, оқу кезеңінде азаматтар ай сайын 20 АЕК көлемінде стипендия алды. Курс аяқталған соң, қатысушыларды оқытқан кәсіпорындар оларды тұрақты жұмысқа қабылдауға міндетті. Қажет болған жағдайда, тәжірибелі маман тәлімгер ретінде бекітіледі.
Ресми дерекке сәйкес, барлығы 1687 адам кәсіптік оқуға жіберілген. Оның ішінде 450 адам тігіншілік курсын таңдаған. Бұл – барлық қатысушылардың төрттен біріне жуық. Салыстыру үшін: аспаз мамандығы – 219 адам, шаштараз – 141 адам, тракторшы-машинист – 100 адам, ал электр және газбен дәнекерлеуші курсын 60 адам таңдаған.
Жалпы, оқуға жіберілгендердің ең көп үлесі Алматы облысы (305 адам), Жамбыл облысы (210 адам), Қарағанды облысы (201 адам) және Жетісу облысында (195 адам) тіркелген.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.