Бүгінде оқушылар интернетке кіріп, ChatGPT-ден үй тапсырмасын орындауға көмек сұрап, тіпті әдебиет пәні мұғалімінің көңілінен шығу үшін өлең шығарып, ертегі құрастыруға дейін дағдыланып алған. Бір қарағанда, бұл керемет мүмкіндік болып көрінеді. Себебі, балалар жаңа нәрсені тез үйренеді, өз ойын еркін жеткізуге машықтанады. Мысалы, «Бір шытырман оқиға туралы ертегі жазып берші» десе, ChatGPT әп-сәтте қызықты оқиға ұсына алады. Оның тездігі мен ептілігі кісіні қызықтырады.
АМЕРИКА МЕКТЕПТЕРІ ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНБАҚ?
USNews.org сайты америкалық білім сарапшыларының мынадай мәлімдемелерін жариялапты.
«ChatGPT әлі даму кезеңінде болып, кейбір шектеулерге ие болса да, мектеп әкімшіліктерінің, мұғалімдердің, ата-аналар мен оқушылардың назарын аударып отыр. Оның пайда болуы білім саласындағы этикалық сұрақтарды туындатты».
Деректерге сүйенсек, АҚШ-тағы ең ірі мектеп жүйесі – Нью-Йорк қаласының мемлекеттік мектептері 2023 жылдың қаңтар айының басында ChatGPT-ді барлық мектеп құрылғылары мен желілерінде қолдануға тыйым салатынын жариялаған.
Ал Техас штатындағы Кәсіби білім қоры өз сайтында ЖИ АҚШ-тың білім саласына әсерін тигізіп жатыр деген дабыл қақты.
«Нью-Йорк қаласынан бастап Лос-Анджелес пен Сиэтлге дейінгі елдегі бірнеше мектеп ChatGPT-дің пайда болуына байланысты бұл құралды қолжетімсіз етіп, бұғаттап тастады. Көп жағдайда оқушыларға шектеу қойылған; мұғалімдер мен әкімшілік қызметкерлері бұл құралды қолдана алады».
«Техас штатының мектеп әкімшіліктері ChatGPT-ге әртүрлі күмәнмен қарап отыр», деп мәлімдеді Austin American-Statesman сайты. Бұл хабарлама жарияланған сәтте Хьюстон білім беру басқармасы (Houston ISD) ChatGPT-ге тыйым салмаған, ал Остин басқармасы (Austin ISD) оқушыларға кампус желісі арқылы бұл бағдарламаны пайдалануға тыйым салды.
Тағы бір дерек пен дәйекті назарға алайық. АҚШ-тың Study.com ақпараттық орталығы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, мұғалімдердің 72%-ы ChatGPT жайлы әкімшіліктен ешқандай нұсқаулық алмаған. Дегенмен, мұғалімдердің 67%-ы бұл құрал мектептерде тыйым салынбауы керек деп санайды. Бұл ретте, ChatGPT-дің ықпалына қатысты пікірлер екіге бөлінген: мұғалімдердің 43%-ы бұл құрал жұмысты қиындатады деп санаса, 57%-ы керісінше жеңілдетеді деп ойлайды. Сауалнамаға қатысқан мұғалімдердің шамамен 40%-ы ChatGPT оқушылардың сыни ойлау және мәселе шешу қабілеттерін дамытуға көмектеседі деп есептейді.
OpenAI ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ?
«Жаңа технологияны қолдану мәселесінде әрбір мектеп пен басқармалар үшін не тиімді екенін білім беру саласындағы саясаткерлер анықтауы керек деп санаймыз. Біз ел бойынша ұстаздармен байланыс орнатып, оларға ChatGPT-дің мүмкіндіктерін түсіндіріп жатырмыз. Бұл – маңызды мәселе. Себебі олар жасанды интеллекттің пайдалы жақтарын да, теріс қолдану мүмкіндігін де білуі керек. Сондай-ақ оны мектеп өмірінде қалай тиімді пайдалануға болатынын түсінулері қажет», – дейді OpenAI өкілі Нико Феликс.
ChatGPT-дің ұзақ мерзімді ықпалы қандай болатынын айтуға әлі ерте. Бірақ бір нәрсе анық: эссе жазатын чат-боттар енді мектеп оқушыларының өмірінің бір бөлшегіне айналды. Ал Халықаралық Білім беру Технологиялары Қоғамының (ISTE) бас директоры Ричард Кулаттаның пікірі басқаша.
«Бұл технологияға тыйым салу – бос әурешілік, кейде тіпті зиян болуы мүмкін. Біз болашаққа дайын болу үшін жастарды, оқушыларды қалай оқытуымыз керек екенін қазірден бастап сұрап, ойлануымыз қажет», – дейді ол.
Бұл ұйым білім беру процесінде технологияны қолдануды қолдайтын коммерциялық емес ұйым. Технологияның мектептерді түбегейлі өзгертетініне қатысты пікірлер бұрын да айтылған еді және ChatGPT-дің төңкеріс жасайтын мүмкіндіктеріне сене кету де оңай. Алайда бұл жолы жағдай басқаша көрініс тапты: Жасанды интеллект мектеп ішіне еніп кетті. Сондықтан бұл процесті дұрыс жолмен басқару өте маңызды.
Ал бізде осы технология білім көзі бола ала ма, деген сұрақ бар.
Әрине, егер оны балалар дұрыс қолдана білсе қосымша көмек құралы болуға жарап тұр. ChatGPT балаға жаңа сөздерді үйретіп, тарихи оқиғаларды түсіндіре алады. Мысалы, «Қазақ хандығы қашан құрылды?» деген сұраққа бірден жауап береді. Бұл – уақыт үнемдеу әрі қызықты тәсіл. Бірақ бір өкінерлігі, ChatGPT-дің мәліметтері әрқашан дұрыс бола бермейді. Ол кейде қателеседі немесе ойдан шығарып жауап беруі мүмкін. Сондықтан ата-ана мен ұстаз балаға ақпаратты тексеруді үйретуі тиіс.
ҚАУІП ҚАЙДА?
Кез-келген технологияны дұрыс қолданбаса, оның кері әсерін тигізетіні анық. Мысалы, балалар бәрін дайын күйінде алуға үйреніп, өздігінен ойлануға дағдыланбаса онда оның дамуы тежеледі. Кейде тіпті балалар жасына сай емес нәрсемен кезігуі де әбден мүмкін. Сонымен қатар виртуалды «досына» сеніп, шынайы достарымен қарым-қатынасы нашарлауы да ықтимал.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Жаңа ғасырда, жаңаша технологиялық дәуірде бізге қосымша жауапкершіліктер де түсері хақ. Бұл жерде ата-ана мен мұғалім балаларды бақылауда ұстауы керек. Олар ЖИ-ді қалай пайдаланып жүр? Қандай мазмұндағы дүниелерді іздейтініне назар аударғаны дұрыс. Сонымен бірге, оқушылардың ChatGPT-ді оқу мен даму құралы ретінде пайдалануын қадағаласа құба-құп.
Бұл жағдай туралы М.Нәрікбаев университетінің дизайн және IT технологиялар пәнінен сабақ беретін ұстаз Айнұр Нұрәділдің пікірін білдік:
«Соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) білім беру саласына да белсенді түрде еніп жатыр. ChatGPT, Midjourney, perplexity, Gemini сияқты құралдар оқушылар мен студенттерге тапсырмаларды жылдам орындауға, идеяларды генерациялауға, визуалды шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл – бір жағынан заман талабы, екінші жағынан – оқытушы үшін үлкен сын-қатер. Себебі басты мақсат – студенттің өз ойын қалыптастыру, оның визуалды танымын, шығармашылық ойлауын, техникалық шеберлігін дамыту. Менің ұстанымым - ЖИ-ді тыйым салу арқылы емес, саналы қолдануды үйрету арқылы жеңу керек.
Осы бағытта мен өзімнің авторлық әдістемемді құрып келемін. Соңғы триместрде мен Graphic Design and Visual Effects курсының соңғы аптасына жаңаша блок қостым. Бұл бөлімде студенттер Replit және Lovable сияқты платформалар арқылы веб-сайт пен мобилді қосымша жасау жолдарын үйренді. Бір триместр бойы біз визуалды эффектілер мен интерфейс дизайнын қолмен жасасақ, соңында студенттер сол интерфейсті ЖИ көмегімен автоматты түрде генерациялауға салыстырмалы түрде үйренді. Мақсат – оларға ЖИ-дың артықшылығы мен шектеулерін көрсету. Бұл әдіс білім алушыларға тек бағдарлама үйретпей, сонымен қатар өзіндік рефлексия мен шешім қабылдау қабілетін дамытады».
ChatGPT – баланың дамуына көмектесе алатын жаңа типтегі құрал. Бірақ ол – мұғалімнің немесе ата-ананың орнын баса алмайды. Сондықтан ең дұрыс шешім – баламен бірге отырып, технологияны саналы түрде қолдануды үйрету. Бүгінгі бала болашақтың көшбасшысы болуы үшін оған тек смартфон емес, бағыт беретін орта керек екенін түсінетін сәт туды.
Авторы: Дүйсенәлі Әлімақын
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.