homepage
Фотоколлаж Juzmedia.kz

Қағаздағы тәуелсіздік. Сот залындағы шындық

17.06.2025, 07:29

Тергеуді жүргізген прокурор айыпталушыларға 7 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімді сұраған еді. Сот отырысын жүргізген судья оларға тиісінше жаза тағайындады. Сырттай қарағанда, бәрі дұрыс тәрізді. Прокурор айыпталушыларға жаза сұрады. Судья соны қанағаттандырды. Алайда кейінгі жылдары еліміздегі осындай ірі сот отырыстарын қарасаңыз, судья тек прокурор сұраған мерзімді ғана тағайындайтынын байқауға болады. Мысалы, былтыр Бишімбаев ісінде прокурор бұрынғы министрді 24 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Судья артық-кемі жоқ тура 24 жылға түрмеге қамау туралы шешім шығарды.

АЙЫПТЫ ТЕК ПРОКУРОР ӨЗГЕРТЕ АЛАДЫ 

Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексі бойынша айып тағуға және оны өзгертуге тек прокурор ғана құқылы. Судья өз бетінше тағылған айыпты өзгертіп, ауыр жаза тағайындай алмайды. Дегенмен сот отырысы барысында істі ауыр баппен қарау бойынша ұсыныс жасап, айыптау актісін прокурорға қайтаруға құқылы.

Жалпы, бұл халықаралық заңнамада қалыпты жағдай. АҚШ-та судья тағылған айыпты қайта саралай алмайды. Прокурор ұсынған айып шеңберінде ғана істі қарайды. Егер сот отырысы кезінде айыпты ауырлату қажеті туындаса, істі прокурорға қайтарады. Дегенмен айып тағылған бап бойынша қатаң жаза тағайындауы мүмкін. Мысалы, прокурор 10 жыл сұрағанымен, судья істі қарай келіп, заң аясында сол бап бойынша 15 жыл бере алады.

Халықаралық құқықтық бастама президенті Айна Шорманбаева судьялар айыптау шегінен шықпайтынын айтады. Яғни, судья өзінің қарауына түскен іс бойынша айыпты ауырлату жағына өзгерте алмайды.

«Кейде айыпталушының жауапкершілігін жеңілдету үшін прокурорлар тергеу барысында қылмыс санатын өзгертіп жібереді. Шерзат ісінде де, басқа да ауыр қылмыстар бойынша да сондай жағдай болып отыр. Кісі өлтіруден бұзақылыққа, тағы сол секілді. Шерзаттың туыстарын қорғайтын адвокаттар тергеу барысында күдіктілерге тағылған айыптау бабы өзгергенде шағым жасап, керек болса тергеу сотына беру керек еді. Егер мұндай әрекет жасалмаса, демек адвокаттар өз жұмысын дұрыс атқарған жоқ», дейді А.Шорманбаева.

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ СОҢҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР 

Қазақстанда судьялардың тәуелсіздігіне қатысты нақты институционалдық қадамдар жасалды. «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, судьяға қатысты жедел-іздестіру шаралары тек Бас прокурордың санкциясымен ғана жүргізіледі. Бұл құқық қорғау органдарының судьяларға қысым жасау мүмкіндігін заң жүзінде шектейді және сот билігінің тәуелсіздігін қорғау тетігін нақтылайды. Тағы бір айта кетерлігі, Жоғарғы Сот судьяларын баламалы негізде сайлау құқығы Парламент Сенатына берілді. 

Цифрлы технологиялар сот жүйесіне кеңінен енгізіле бастады. «Сот кабинеті», «Е-өтініш» жүйелері арқылы азаматтар талап-арыздарын онлайн түрде тапсырып, мемлекеттік бажды да интернет арқылы төлей алады. Сот істерінің динамикасын бақылап отыру, құжаттарды жүктеу, аудио-бейнежазбалармен танысу мүмкіндігі қарастырылған.

2024 жылдан бастап кейбір сот процестері ашық онлайн трансляция форматында өткізілді. Бұл – бұрын-соңды болмаған маңызды қадам. Қоғам өкілдері мен БАҚ сот отырыстарына еркін қатыса алады. Сот процесіне қатысушылар істің жай-күйін электронды жүйе арқылы нақты уақыт режимінде қадағалай алады.

Таяуда Конституциялық Сот судьясы Айжан Жатқанбаева el.kz сайтына берген сұхбатында судьялардың саяси партияларға мүше болуына тыйым салынуы олардың бейтараптығы мен тәуелсіздігін нығайтатынын атап өтті.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙТИНГТЕГІ ОРНЫМЫЗ МӘЗ ЕМЕС 

Дегенмен сот жүйесінің халықаралық стандартқа сай болуы бөлек те, оның орындалуы басқа мәселе. World Justice Project рейтингіне сүйенсек, Қазақстан 142 елдің ішінде 65-орында тұр. Аталған жобада еліміздегі тәртіп пен қауіпсіздік жоғары бағаланғанымен, сот жүйесіне биліктің әсер етуі, ондағы жемқорлық секілді мәселелердегі деңгейіміз орташа.

Халықаралық құқықтық бастама президенті Айна Шорманбаеваның айтуынша, Қазақстанда сот жүйесі іс жүзінде тәуелсіз емес. Мұның себебі ретінде құқық қорғаушы Жоғарғы сот судьяларын сайлауға мемлекет басшысының тікелей әсер етуін атап көрсетеді.

«Сот жүйесі Қазақстанда тәуелсіз емес. Өйткені биліктің атқару тармағына тәуелді. Судьяларды Президент бекітеді, ал Президент – атқарушы биліктің басшысы. Елімізде әзірге сот жүйесін тәуелсіз етуге бағытталған реформалар жасалған жоқ», - дейді А.Шорманбаева.

Кей сарапшы судьяларға прокурорлардың ықпалы жоғары екенін алға тартады. Мысалы, сот шығаратын айыптау үкімінің үлесі өте жоғары. Ақтау үкімдері 2 пайызға да жетпейді. Түркітілдес журналистер қорының хабарлауынша, 2020 – 2022 жылдары ақтау үкімі шыққан адамдардың саны 1,5 пайызды құраған. 2023 жылы ақталғандардың үлес салмағы 1,2 пайызға дейін азайған. Айна Шорманбаева бұл жерде де сот жүйесінің атқарушы билікке тәуелділігі байқалатынын алға тартады.

«Прокурорлар заң бойынша, тіпті, сотқа қатыспаса да, сот шешіміне наразылық келтіре алады. Мұндай наразылықтар судьяның дұрыс жұмыс істемегенін дәлелдейді. Яғни, мұнда да сот тәуелділігі көрініп тұр», - дейді құқық қорғаушы.

Рас, кейінгі жылдары сот жүйесін жетілдіру, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету бойынша біраз шаруа атқарылды. Дегенмен Freedom House секілді іргелі ұйымдар Қазақстанның сот билік тармағы Конституция бойынша тәуелсіз саналса да, практикада ол атқарушы билікке қатты тәуелді екенін жазады. Демек, Қазақстандағы сот жүйесі практикалық деңгейде әлі де терең институционалдық жаңғырту мен бақылау қажетін көрсетеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.