Сіздің қолыңыздағы смартфонда жүріп-тұрған мекенжайыңыз, хабарласқан қоңыраулар, хабарламалар, фото-видеолар, қолданатын қосымшалар туралы барлық деректер жиналады. Оны компаниялар коммерциялық, маркетингтік мақсатта пайдаланады. Ал кейде мемлекет мүддесі үшін, барлау мақсатына қолдануы мүмкін. Назарларыңызға дәл сондай қауіп бар деген бірнеше смартфон маркасын ұсынамыз.
Huawei
Қытайдағы ең ірі телекоммуникациялық компания, смартфон шығарудан әлемдегі топ үштікке кіретін техноалпауыт. Бағасы арзан, қолжетімді гаджет ретінде танылған. Бірақ бұл смартфонда Android және IOS операциялық жүйелері жұмыс істемейді. Себебі батыс компаниялары Huawei Қытай билігі үшін кибертыңшылықпен айналысады деп күдіктенеді.
Мұндай күдік 2010 жылдардан басталды. 2018 жылы АҚШ-тың ең ірі ритейл жүйесі Best Buy қытайлықтармен жұмыс істеуді тоқтатты. Бірнеше аптадан кейін Пентагон әскерилеріне Huawei және ZTE смартфондарын сатып алуға тыйым салды. Ал бір жылдан соң АҚШ Конгрессі Google компаниясына Huawei-мен жұмыс істемеуге «кеңес берді». Қытайлық алпауыт «кибер тыңшылық жасап, гаджетке орнатылған арнайы бағдарламамен деректер жинап, оны Бейжіңге жібереді» деген күдікке ілінді. 2019 жылы Google толығымен Huawei-мен жұмысты тоқтатты. Қытайлық алпауыт HarmonyOS атты жеке операциялық жүйесін дайындады.
АҚШ пен Еуропаның қаһарына ұшыраған тағы бір технокомпания – қытайлық ZTE. 1985 жылы негізі қаланған кәсіпорын Huawei-ден кейінгі ірі телекоммуникациялық компания деп саналады. 2023 жылы Еурокомиссия аталған екі компанияның технологиялық құрылғыларын алудан бас тартты.
Xiaomi
2021 жылы Литваның Қорғаныс министрлігі Xiaomi-дың Mi 10T смартфондарына қатысты тексеріс жасап, қорытындысын жариялады. Reuters жазуынша, министрлік құжатында гаджеттің ішкі бағдарламалық жасақтамасынан цензура жасау мен бақылауға арналған құралдар табылғаны айтылған.
Қарапайым түсіндірер болсақ, Xiaomi-дың Mi 10T смартфондарында 400-ден астам сөз бен сөз тіркесіне реакция беретін цензура модулі анықталды. Longing Taiwan Independence (Тайвань тәуелсіздігін аңсау), Voice of America (Америка дауысы), Free Tibet (Тәуелсіз Тибет) тәрізді саяси астары бар төрт жүз сөзге Xiaomi цензура жасап отырған. Бұл сөздер қалай жазылғаны маңызды емес, иероглифпен бе, әлде латын әріптерімен бе, модуль екеуін де таниды.
Компания бұл айыптауларды жоққа шығарды, бірақ сарапшылар смартфон жүйесінде қолданушылардың әрекетін бақылау функциясы бар екенін растады.
Осы жағдайдан кейін Xiaomi де «қауіпті смартфондар» қатарына жатқызылды. Ескерте кетейік, жоғарыда аталған компаниялар қытайлық техноалпауыттар. Және оларға қарсы тергеу-тексерулер Батыс пен Қытай арасындағы сауда соғыстарының аясында жүргізілді.
Apple
Тыңшылық жасады деген күдікке батыстың компаниялары да ілінген. 2021 жылы Калифорнияның федералды сотына Фумико Лопес бастаған бір топ азаматтар шағым түсірді. Олардың сөзінше, Iphone-дағы Siri атты дауыс көмекшісі гаджет иесінің және оның айналасындағы басқа адамдардың сөзін жазып алып отырған. Әңгіме арасында айтылған бренд атаулары кейін Apple Search пен Safari-дың таргет жарнамасынан шығып тұрған.
Америкалықтар 2014-2024 жылдар аралығында Siri орнатылған құрылғылар жеке деректерін жинады деп шағымданды. Кейін Apple-дің өзі де автоматты түрде қосылып кететін «қауіпті функция» бар екенін ескертіп, қолмен өшіруге кеңес берді.
СМАРТФОННАН ҚАЛАЙ «ҚОРҒАНУ» КЕРЕК?
Құрылғы қаншалықты қауіпсіз деп саналғанымен, олар да деректерді серверлерге жіберетінін ұмытпау керек. Сондықтан кез келген смартфонды сатып алмас бұрын төмендегі бірнеше ережені ескеріңіз:
Смартфон – жай құрылғы емес, ол сіздің өміріңіз туралы ақпараттың негізгі кілті. Қандай смартфон таңдасаңыз да, деректеріңіздің кімге және қайда кетіп жатқанына мән беріңіз.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.