Сарыарқаның төсіндегі Астанада «темір тұлпар» тізгіндеген жүргізушілер көлік кептелісіне наразылық танытып тұр. Ал сол сәтте тақтайдай тегіс жолмен зуылдап өткен шетелдік меймандарды олар көзбен ұзатып салады. Дәл осы сәтте Ақордада Қазақстан дипломатиялық тапқырлық танытып жатты.
Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың Қытайға 1,5 мың киік беру туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Ақбөкендер көрші елдің батыс бөлігіндегі осы жануарлардың популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізбек. Сырттай бұл экологиялық ынтымақтастық секілді көрінгенімен, түбінде көпшілікке байқалмайтын дипломатиялық шеберлік жатыр. Өйткені жануар арқылы сенім білдіріп, қарым-қатынасты жақсарту – талай ғасырдан келе жатқан саясат тілі. Әсіресе, мұны Қытай тарапы жиі қолданады. Сондықтан халықаралық саясатта «панда дипломатиясы» деген термин енген. Осыған қатысты Juzmedia.kz авторы “Киік дипломатиясы” туралы сараптап көрді.
«Панда дипломатиясы» қайдан шыққан?
Тарихшылардың айтуынша, «Панда дипломатиясының» тарихы көне дәуірден, сонау Тан династиясы кезінен басталады. Кейінірек Қытай Халық Республикасы құрылғалы бері, Бейжің билігі пандаларды халықаралық қатынаста ізгі ниеттің белгісі ретінде қолдануға кірісті.
Әсіресе, 1972 жылы АҚШ президенті Ричард Никсонға екі панданы сыйға тартуы «панда дипломатиясына» халықаралық қоғамдастықтың назарын аударды. Бұл қадам Қытай мен АҚШ арасындағы текетірестің тоқтап, жылымық орнағанының көрсеткіші ретінде қабылданды. Сол жылы Қытай тарапы Жапонияға да екі панда сыйға тартып, дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтірді.
Панда – табиғи түрде тек Қытайда мекендейтін жануар. Сол уақыттарда табиғаттағы панда саны күрт азайып кеткен-ді. Кей деректер бойынша Қытайдың бамбукты ормандарында небәрі 800-ге жуық панда мекендеген. Қызыл кітапқа енген бұл жануар – Қытайдың ұлттық символы. Оны шынайылықтың, мейірімділік пен төзімділіктің бейнесі ретінде саналады.
Кейінірек 1984 жылы Бейжің билігі панданы сыйға тартуды «жалға беру» форматына ауыстырды. Қалай дегенмен, оның символдық мәні сақталып қалды. Қазіргі таңда бүкіл әлемдегі панда Қытайдың меншігі саналады. Оны зообақта ұстау үшін Қытайға миллион доллар көлемінде жалдау ақысын төлеуге тиіс.
Киік те «панда дипломатиясына» айнала ма?
Кейінгі жылдары Қытай тарапы киіктің санын көбейтуді мақсат етіп жүр. Негізі, шығыстағы көршімізде ақбөкеннің мүйізі қымбатқа бағаланады. Өткен ғасырдың ортасында Қытайда киік түбегейлі жойылып кеткен.
1987 жылы Ганьсу провинциясында жануарлар қорғау орталығы ашылып, құтқарылған киіктерді әкеліп өсіру басталды. Бүгінде елде 170-ке жуық қана ақбөкен бар.
Осы орайда, Қазақстан Бейжің билігіне мың жарым киікті сыйға тартпақ. Бұл аталған жануардың санын қалпына келтіруге зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бір жағынан бұл экологиялық қадам болғанымен, Қазақстанның да жануарлар дипломатиясын қолдануға кіріскенін көрсетеді.
Саясаттанушы, шығыстанушы Жанат Момынқұлов киікті сыйға тартуды «жұмсақ күш» құралы ретінде қарастыруға болатынын айтады. Бірақ «панда дипломатиясымен» салыстыруға ерте екенін алға тартқанымен, потенциалды ұқсастықты жоққа шығармайды.
«Қытайдың «панда дипломатиясы» – жұмсақ күш саясатының классикалық үлгісі. Пандаларды шет елдерге уақытша беру арқылы Қытай өз имиджін нығайтып, саяси-экономикалық қарым-қатынасын дамытты. Қазақстанда 2024 жылы Қытайға сайғақтарды беру туралы ұсыныс талқыланған. Бұл популяцияның өсімі ауыл шаруашылығына зиян келтіруі мен экожүйедегі тепе-теңдікті сақтау қажетінен туындаған. Киіктер Қазақстанда заңмен ерекше қорғалады, сондықтан олардың берілуі жоспарлы, ашық әрі ғылыми негізделген болуға тиіс», дейді саясаттанушы.
Жойылу қаупінен құтылған жануар
Қазақ киікті қашан да кие тұтып, қастерлеген. Кезінде Еуразия құрлығында сайран салған сайын даланың еркелері өткен ғасырдың аяғында күрт кеміді. Тіпті, 2008 жылы әлемдегі ақбөкендер саны 50 мыңды ғана құрапты. 1996 жылы киіктер «Қызыл кітапқа» еніп, жойылу қаупі бар жануарлар тізіміне енді. Ал 2002 жылы «түгелдей жойылып кетудің алдында» деген санатқа енді.
Қазіргі таңда әлемдегі киіктердің 95 пайызға жуығы Қазақстанды мекендейді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 4 миллионға жуық ақбөкен бар. Төлдеу маусымынан кейін олардың саны 5 миллионға дейін жетеді деген болжам да айтылған.
Кезінде жойылуға шақ қалған дала тағысының күрт көбеюі егіншілер мен дихандарға маза бермей тұр. Қазір қоғамда да, билікте де киіктің санын бақылау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Үкімет ақбөкеннің санын бақылауда ұстау үшін аңшыларға киік атуға рұқсат беруді жоспарлап отыр.
Алайда бұған экологтар қарсылық білдіреді. Мәселен, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында киікті ату мәселені шешпейтінін, керісінше биоалуантүрлілікті сақтау қағидаттарына қайшы келетінін алға тартады.
Саясаттанушы Жанат Момынқұлов Қазақстан да киіктерді ұлттық символ ретінде пайдаланып, экологиялық жауапкершілігін көрсету арқылы осындай тәсілге қол жеткізе алады деп есептейді.
«Киіктер жабайы табиғат жануары болғандықтан, пандалар сияқты тірілей шетелге беруге мүмкіндік бар шығар. Дегенмен, оның орнына ақбөкеннің бейнесін халықаралық экологиялық және мәдени жобаларда, ғылыми ынтымақтастықта, дипломатиялық форумдарда қолданған жөн. Бұл киікті экологиялық және мәдени символ ретінде қалыптастырып, Қазақстанның имиджін нығайтуға жол ашады. Киікті тірі дипломатиялық құралға айналдыру қиын болса да, оның символдық мәнін жұмсақ күш құралы ретінде пайдалану тиімді әрі болашағы бар идея», дейді Ж.Момынқұлов.
Экологиялық көмек – саясаттағы дипломатия
BBC арнасының мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары Қытайдың панданы жалға беруі ірі сауда келісімдерімен тұспа-тұс келген. Мысалы, 2009 жылы Аустралияға, 2012 жылы Канада мен Францияға «елші аюлар» аттанған. Дәл осы уақытта Қытай аталған елдермен уран мен технология саласында ірі келісім жасасқан. Сол секілді Шотландияға екі панданың берілу уақыты албырт балықтың етін импорттау, Land Rover көлігі мен энергетика технологиясын беру туралы уағдаласқан сәтпен тұспа-тұс келеді.
Дәл осындай жағдай Қазақстанда қайталанып отыр. Еліміз Қытайға 1,5 мың киік берген уақытта Ақордада ірі-ірі келісімдер жасалды. Орталық Азия елдері мен Қытай мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Сондай-ақ ведомство аралық 24 құжатқа қол қойылды. Сауда, энергетика, инфрақұрылым және жалпы даму салаларында тығыз ынтымақтастық орнату мәселесі талқыланды. Қытай тарапы 1,5 млрд юань (шамамен 209 млн доллар) грант беруді жоспарлап отыр. Еліміздегі ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалыспақ.
Саясаттанушы Жанат Момынқұлов Орталық Азия Қытай үшін стратегиялық маңызы зор аймақ екенін алға тартады. Оның айтуынша, өңірге инвестиция құю арқылы Қытай ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, технология сынды салаларда жаңа мүмкіндікке ие болады. Сонымен қатар ішкі өндірісті дамытып, шетелде экономикалық ықпалын арттырады деп есептейді.
«Қытайдың Орталық Азия елдеріне қаржы салуы кездейсоқ емес. Бұл Қытайдың геосаяси, экономикалық және қауіпсіздік мүдделеріне негізделген ұзақмерзімді стратегиялық бағыт. Бейжің билігі үшін Орталық Азия тек көрші аймақ емес, сонымен қатар маңызды серіктес әрі ықпалын кеңейтуге мүмкіндік беретін кеңістік. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Орталық Азия – Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік дәлізге айналғаны мәлім. Сонымен қатар, аймақ табиғи ресурстарға бай – мұнай, газ, уран секілді энергия көздері Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», дейді Ж.Момынқұлов.
Қорыта айтқанда, «Панда дипломатиясы» Қытайдың халықаралық аренада өзін жұмсақ әрі сенімді серіктес ретінде көрсетуінің тиімді құралына айналды. Қазақстанның киік арқылы осындай тәсілге жүгінуі экологиялық дипломатияның жаңа парағын ашуы мүмкін. Бұл қадамның саяси салмағы алдағы уақытта анық байқалатыны анық.
Абай Асангелді
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.