Қазақстанда «Miss Qazaqstan 2025» ұлттық сұлулық байқауына іріктеу науқаны басталды. Алайда биылғы байқау ресми түрде басталмай жатып қоғамда үлкен дау тудырды. Себеп – ұйымдастырушылардың трансгендер әйелдердің де қатысуына рұқсат беретінін мәлімдеуі.
Байқау директоры Айжан Рузаева бұл шешімді заманауи инклюзивтілік қағидаттарымен байланыстырса, жұрттың бір бөлігі бұл мәлімдемені «ұлттық» ұғымға қарсы қадам деп қабылдады. Себебі қазақ ұғымында сұлулық тек сыртқы келбет емес – ибалылықпен, тәрбие, ар-ұят сынды ұғымдармен қатар бағаланады. «Ұлттық» мәртебесі бар байқаудың бағыты өзгерсе – қоғам үнсіз қала алмайды. Осы тұста Juzmedia.kz бұл мәселені тереңірек саралап көрді.
Әлемдік тәжірибе: Трансгендерлерге есік ашқан байқаулар
Әлемдік деңгейде бірқатар сұлулық байқаулары гендерлік шектеулерді жойып, трансгендер қатысушыларға есік ашып келеді. Мысалы, 2012 жылы Miss Universe байқауы трансгендер әйелдерге қатысуға рұқсат берді. Бұл шешімге Канададан шыққан трансгендер Дженна Талакованың шағымы түрткі болды. Ол өзінің әйел екенін заңды түрде мойындатқаннан кейін байқауға қатысу құқығын сот арқылы жеңіп алды. Кейін бұл шешім жаһандық деңгейде кеңінен талқыланып, көптеген халықаралық байқаулар гендерлік ашықтыққа бет бұра бастады.
Сондай-ақ, 2023 жылы Нидерландыда Miss Netherlands байқауын трансгендер Рики Валери Колле жеңіп алды. Бұл жағдай да әлеуметтік желіде қалың жұртшылық арасында қызу талқы тудырды.
2018 жылы Испанияның Miss Universe Spain байқауын трансгендер Анхела Понсе жеңіп, Miss Universe финалына алғаш рет трансгендер ретінде қатысқан болатын. Бұл шешім әлем жұртшылығы арасында түрлі пікір тудырды. Бірі оны инклюзивтілік пен адам құқығының жеңісі десе, екіншісі мұндай шешімдер әйелдерге арналған дәстүрлі байқаулардың мәнін жояды деп сын айтты.
Miss Universe ресми сайтында (https://www.missuniverse.com/) байқауға жынысын заңды түрде әйел ретінде өзгерткен үміткерлердің қатысуына рұқсат берілетіні нақты жазылған. Бұл ұйымның «ашықтық пен инклюзия» саясатына сәйкес қабылданған шешім..
Қазақстандағы жағдай және Рузаеваның мәлімдемесі
Қазақстанда бұл үрдіс енді ғана бой көтеріп келеді. Miss Qazaqstan 2025 байқауының ұйымдастырушысы Айжан Рузаева жобаның баспасөз конференциясында жұрт күтпеген жаңалықты жариялап, кезекті даудың ортасында қалды.
«Барлық қатысушыға есік ашық – трансгендерлер болса да. Бұл – бостандық, бұл – таңдау еркіндігі. Егер адам өзін солай сезінсе – ол байқауға қатысуға құқылы», – деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда халықаралық байқауларда бұрынғыдай 90-60-90 стандарттары маңызды емес.
«Егер плюс-сайз қыз келіп, харизмасы мен сұлулығы болса – неге қатыспасқа? Өкінішке қарай, әзірге ондайларды байқамадым», – деді ол.
Қатысу шарттарына сәйкес: жасы 18-ден жоғары, бойы 165 см-ден кем емес, тұрмыс құрмаған және баласы жоқ қыздар байқауға қатыса алады.
Алайда Рузаеваның бұл ұстанымы қоғамда бірден қарсылыққа ұшырады. Ұлттық дәстүр мен моральдық ұғымға негізделген көзқарас тұрғысынан көптеген азаматтар мұндай өзгерістерді «ұлттық бірегейлікке қауіп» деп қабылдады.
Депутаттардың ұстанымы: Ұлтты қорғау – заңмен бекітілуге тиіс
Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтерілді. Депутат Еділ Жаңбыршин Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында:
«Біз ұлтымыздың болашағына балта шабатын азғындықпен күресіп келеміз. ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заң жобаларын ұсындық. Бірақ кейбір шенеуніктер Батыстың "адам құқығы", "демократия" деген желеумен қарсылық танытуда. Бұл – ұлттық болмысымызға жат», – деді.
Оның айтуынша, Үкімет үш бағытта нақты қадам жасауы қажет:
ЛГБТ-ға қарсы петиция талаптарын орындау;
Барлық платформада мұндай насихатқа шектеу қою;
Депутаттарға қарсы ұйымдастырылған шабуылдарға заңды жауап беру.
Сұлулық байқауы жай ғана көркімен көз тартатын арулардың жарысы емес. Ол – ұлттық болмыс пен мәдениеттің көрінісі. «Miss Qazaqstan» атауындағы "Qazaqstan" сөзі тек географиялық белгі емес – мәдени-тарихи мәні бар атау. Сондықтан ондағы кез келген өзгеріс – қоғамның негізін құрайтын құндылықтармен тікелей байланысты.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.