homepage
Фото: Juzmedia.kz

Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейді: Таяу Шығыс тағы тынышсыз

20.06.2025, 17:33

2025 жылдың маусымы, Таяу Шығыс – Иран мен Израиль арасындағы геосаяси шиеленіс күшейе түсті. Бірнеше күн ішінде екі ел арасында әскери шабуылдар болып, Тегеран мен оның маңындағы аймақтар зымыранмен атқыланды. Бұл Таяу Шығыс аймағында ғана емес, жаһандық деңгейде де алаңдаушылық тудырып отыр.

Қақтығыстар түнде басталды

Маусымның 12-нен 13-не қараған түні, түнгі сағат 3-тен бастап Тегеранда және кейбір ірі қалаларда жарылыстар естілген. Израиль қорғаныс күштері Иран аумағында әскери-ғылыми нысандарға соққы бергенін растады. Ал Иран тарапы өз кезегінде бұл әрекеттерді “мемлекеттік терроризм” деп айыптап отыр.

Қақтығыс ошағы Тегеран мен стратегиялық маңызға ие объектілерге шоғырланғанымен, Иранның басқа аймақтарында да үрей мен белгісіздік күшейіп тұр.

Куәгер: “Бәріміз бейбіт жолмен шешілсе екен деп тілейміз”

Жамилия Серікболқызы, Иранның Күрдістан облысында орналасқан алтын өндіретін ірі зауытта бес жылдан бері инженер-химик болып жұмыс істейді. Ол қазіргі жағдай туралы Juzmedia тілшісіне былай дейді:

“Біз тұрған аймақ қазір тыныш. Соққылардың көбі Тегеранға түсіп жатыр. Маусымның 12-нен 13-не қараған түні түнгі 3-тен бастап дүмпулер сезілді. Біздің компанияда шетелдіктер жұмыс істейтіндіктен, полиция үнемі бақылауда ұстайды. Қауіпсіздік шаралары аса күшейген жоқ. Бірақ адамдардың көңіл-күйі түсіп кетті, бәрі ертең не боларын білмей қорқып отыр.”

Оның айтуынша, зауытта жұмыс көлемі азайтылған. Тек жергілікті қызметкерлер бұрынғы тәртіппен жұмысты жалғастырып жатыр. Тегерандағы офис қашықтан жұмыс форматына көшкен. Елдегі интернет байланысы да шектелген – VPN арқылы ғана қосылу мүмкін.

“Қазір халық Тегераннан солтүстікке қарай көшіп жатыр. Бензинге шектеу қойылды – әр адамға 15 литрден ғана беріледі. Ақпарат алу қиындап кетті. Біз тек жергілікті халық пен әлеуметтік желілер арқылы хабардармыз. Бірақ ондағы ақпараттың дұрыстығына сенімді болу қиын”, – дейді ол.

Халықаралық реакция мен алаңдаушылық

БҰҰ, АҚШ және Еуропалық одақ тараптарды сабыр сақтауға шақырды. Ресей мен Қытай дипломатиялық каналдарды ашық ұстау қажеттігін ескертіп отыр. Таяу Шығыс елдері қақтығыстың ушығуы аймақтық тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп мәлімдеді.

Ал Президент Ердоған Иранның «табиғи, заңды және легитимді құқығы» бар екенін және Израиль тарапынан болатын шабуылдарға қарсы қорғана алатынын айтты. Ол Израильді «азғындаған, шектен шыққан және жауапсыз» ядролық қаруы бар мемлекет деп атап, ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздер жүріп жатқанына қарамастан жазасыз әрекет етіп отыр әрі геноцид жасады деп сынға алды.

Ердоғанның айтуынша, Израильдің Иранға жасаған соққылары мен аумақта кісі өліміне себепкер болуы мемлекеттік терроризм актілері болып саналады.

Аймақта бейбітшілікке үміт бар ма?

Иран мен Израиль арасындағы текетірес бұрыннан келе жатқан қайшылықтардың жалғасы болса да, қазіргі шиеленіс өзіндік ерекшелігімен қауіпті. 

Сарапшылардың пікірінше, Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс шарықтау шегіне жетіп, ашық соғысқа ұласу қаупі бар. Сонымен қатар, Иран ішіндегі экономикалық шектеулер мен инфрақұрылымның зақымдануы қарапайым халықтың тұрмысын одан әрі қиындатып отыр.

“Менің ойымша, бұл - Таяу Шығыс картасын өзгерту жоспарының үлкен бір бөлігі сияқты. Айтқанымдай, Израиль өз жоспарын бірте-бірте іске асырып келеді. Бірақ осы жолы уақытынан бұрын бастап отыр. Неге әкелуі мүмкін?

Тактикалық жағынан, Иранның аймақтағы алаңының тарылуына әкелуі мүмкін. Израиль өз картасын, өз күшін көрсетті. Барлау жағынан, әскери-техникалық дайындық жағынан өз қабілетін көрсетті, яғни Иранның әскери генералдарының ұйықтап жатқан үйіне дейін соққы жасады. Әрине, Иран қарымта жауапқа дайындалады, бірақ жақын арада емес, ұзаққа созылуы мүмкін. Өйткені Иран да ұзақ мерзімді ойынға қабілетті”, - дейді сарапшы Жанат Момынқұлов баспасөзге берген сұқбатында.

Қарапайым халықтың тілегі – бейбіт шешім мен тыныш өмір. Бірақ алдағы күндердің қандай сынақ алып келетінін болжау қиын.

Арнайы Juzmedia үшін - Ая Өміртай

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.