Әлемде ауызша және жазбаша тілдер үстемдік құрған заманда лингвистер мен антропологтарды ерекше қызықтыратын бірегей әрі таңғажайып қарым-қатынас түрі болды. Ол – ысқырып сөйлеу тілі. Ысқырып сөйлеу – адамдардың ауызша тілмен салыстырғанда сирек кездесетін құбылыс, алайда ол дүние жүзінің түрлі аймақтарында әлі де қолданылады.
Жер шарының шалғай бұрыштарында орналасқан кейбір қауымдастықтар әуен арқылы күрделі хабарлар жеткізудің шебері атанған. Олар ауа толқынын пайдаланып, ысқырық арқылы сөйлесуге бейімдеп, адам баласының тіл дамытудағы тапқырлығын әлемге паш етті.
Ысқырып сөйлеу тілдерінің төркіні
Ысқырып сөйлеу – әлі толық зерттелмеген сала. Себебі ол адамзаттың қолданысындағы ауызша тіл мен ым-ишара секілді тіл формаларымен салыстырғанда өте сирек кездеседі.
Бұл ерекше тіл табиғат жағдайларына бейімделу жағдайында қалыптасқаны анық. Адамдардың ұзақ қашықтықта сөйлесу қажеттілігі, қоршаған ортаның шуы, түнгі мезгіл, мал бағу, аң аулау, балық аулау, жасырын қарым-қатынас пен діни дәстүрлер сияқты түрлі факторлар ысқырып сөйлеу тілінің пайда болуына түрткі болған.
Ысқырып сөйлеу тілдері көбінесе күрделі географиялық жерлерде – Оңтүстік Қытай, Папуа Жаңа Гвинея, Амазон орманы, Сахараның оңтүстігі, Мексика мен Еуропа өңірлерінде дамыған. Қалың ормандарда, терең шатқалдар мен таулы аймақтарда адамдар бір-біріне қарапайым дауыс арқылы сөйлесе алмайтындықтан, ысқырып сөйлеу әлдеқайда тиімді жол болған. Ысқырық жүздеген метрге, тіпті бірнеше шақырымға дейін жетуі ықтимал.
Ежелгі Еуропада адамдар аң аулау кезінде осындай тіл қолданған болуы мүмкін. Грек тарихшысы Геродот бұл тіл туралы біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда жазып кеткенін айтады ғалымдар. Ал Қытайда II-VIII ғасырлардағы бірнеше трактаттарда бұл дәстүр сипатталған. «Xiaozhi» (Ысқырып сөйлеу трактаты) – Даосизм әсерімен жазылған ең көне фонетикалық еңбектердің бірі. Мұнда ысқырып сөйлеудің он шақты тәсілі, тыныс алу техникасы және сөйлеу мен ысқырықты ажырату әдісі сипатталған: «Тамақтан күшпен шыққан, төмен дыбыс – сөйлеу, ал тіл арқылы күшпен шыққан, жоғары дыбыс – ысқыру (xiao)».
Ысқырып сөйлесетін қауымдар
Ысқырып сөйлеудің ең танымал үлгілерінің бірі – Испанияның Канар аралындағы Ла Гомера аралында қолданылатын Сильбо Гомеро тілі. ЮНЕСКО бұл тілді Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының жауһары ретінде таныған. Сильбо Гомеро – испан тіліндегі буындар мен дыбыстарды ысқырып жеткізетін толыққанды тіл. Оны аралдағы бақташылар мен диқандар жағдайы күрделі аймақтарда сөйлесу үшін қолданған.
Түркияның Қара теңіз жағалауындағы Құскөй (қазақша – «Құс ауылы») ауылында «Құс тілі» деп аталатын ысқырып сөйлеу тілі бар. Бұл дәстүрлі тіл бірнеше ғасыр бойы тау шатқалдары мен аңғарларында қашықтықтан қарым-қатынас құралы ретінде қолданылған.
Мексикада Мазатек халқы «La Lengua Mazateca» деп аталатын ысқырып сөйлеу әдісін қолданады. Францияның Пиреней тауларындағы Аас ауылының бақташылары да осындай ысқырып сөйлеу тілін қолданғаны айтылады.
Көптеген аймақтарда, әсіресе Мексика мен Африка мәдениеттерінде ысқырып сөйлеуді ер адамдар көбірек қолданады. Әйелдер оны түсінгенімен, әдетте қолданбайды.
Француз ғалымы, профессор Жюльен Мейер осы ысқырып сөйлеу тілі туралы зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі. Оның айтуынша, бұл сирек кездесетін құбылыстың бірі.
«Ысқырып сөйлеу өнері – таулы өңірлердің тілдік ғажабы. Бұл тәсіл – табиғатпен үндескен, алыстағы адамдармен байланыс орнатудың көне әрі тиімді жолы. Тау мен аңғарлардағы қиын рельеф кейде ауызша сөйлесуге мүмкіндік бермейді. Міне, осындай жағдайда адамдар ысқырып сөйлесуді меңгерген. Ысқырықтан шығатын дыбыстар кәдімгі сөздерді алмастырып, бірнеше шақырымға дейін жетеді. Мысалы, Пиреней тауларында бұл дыбыс 2 шақырымға, ал Канар аралдарында тіпті 8 шақырымға дейін жеткені тіркелген».
Жюльен Мейер мен әріптестері 13 жыл бойы әлемнің әр түкпірінен 70-тен астам ысқырып сөйлеу тілін тіркеген. Олардың қатарында – Мексикадағы Мазатек және Чинантек, Амазониядағы Уаяпи мен Гавиао, Африкадағы Банен мен Ари, Жерорта теңізі бойындағы түрік пен грек, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Акха мен Хмонг, Пиренейдегі Беарн, тіпті Беринг бұғазындағы сібірлік юпик тілі де бар.
Ғалымның дерегіне сүйенсек, Испанияның Ла-Гомера аралындағы Сильбо Гомеро тілі мен Түркиядағы Құсқөй ауылының құс тілі (Kuş Dili) – осы өнердің жарқын үлгілері екенін алға тартады. Мұнда шопандар, егіншілер, шай мен жаңғақ терушілер күні бойы ысқырып сөйлесіп, ауа райы туралы әңгімелесіп, нұсқау беріп, тіпті жаңалық та жеткізетін болған. Осының бәрін ескерсек, бұл – жай ғана дыбыс емес, ата-бабадан жеткен мәдени мұра. Көптеген елдерде оны сақтап қалу үшін мектептерде оқыту қолға алынып жатқаны тағы бар.
Зерттеудегі айтылымдар қандай?
2005 жылы Nature журналында жарияланған нейрофизиологиялық зерттеуде Канар аралдарындағы Сильбо Гомеро ысқырып сөйлеуін еркін меңгерген адамдардың миы тілге жауап беретін аймақтарды белсендіретінін көрсеткен. Ал жаңадан үйреніп жүргендерде ондай реакция байқалмаған.
Ал 2023 жылғы Frontiers in Psychology журналындағы тағы бір зерттеуде, испан тілін білмейтін адамдар алғаш рет Сильбо Гомероның дауысты дыбыстарын тыңдап-ақ оларды ажырата алған. Испандар – ең дәл, француздар – орташа, қытайлар – ең әлсіз нәтиже көрсеткен. Бұл адамдардың жаңа дыбыстарды түсіну қабілетін көрсетеді.
Ал енді осы ысқырып сөйлеудің механизміне тоқтала кетейік.
Ысқырық интонацияны, ырғақты және үннің биіктігі арқылы ақпарат береді. Тілде дауысты мен дауыссыз дыбыстар әртүрлі дыбыс жиілігімен және ұзақтығымен ысқырылады. Мысалы, Сильбо Гомеро тілінде жоғары жиілікті қысқа ысқырық белгілі бір дауыссыз дыбысты білдіреді екен, ал төмен әрі ұзақ ысқырық дауысты дыбыс ретінде шыққан үн. Мәдени маңыздылығы туралы айтсақ, ысқырып сөйлеу тілдері – тек байланыс құралы ғана емес, олар сол қауымдастықтың тарихи, мәдени және рухани мұрасының бір түрі. Бұл тілдер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, сол қауымдастықта өмір сүретін балаларға кішкентай кезінен үйретіледі.
Ысқырып сөйлеуге төнген қатерлер
Бұл тілдер бүгінде жоғалу алдында тұр. Қазіргі технология мен урбанизация бұл өзгеше тілдің қажеттілігін едәуір азайтты. Жастар ауылдан қалаға қоныс аударған сайын бұл дәстүрлі тіл ұмытылу қаупінде. Алайда бұл ерекше тілге деген қызығушылық та жоқ емес. Зерттеушілер мен мәдени ұйымдар оны құжаттап, сақтап қалуға тырысып жатыр. Олар ысқырып сөйлеуді адамзаттың тілдік байлығының бір бөлігі ретінде қарастырып келеді.
Дүйсенәлі Әлімақын
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.