ZTB.kz жобасының авторы Марғұлан Тұрсынов әлеуметтік желіде жазған пікірі үшін сынға ұшырады. Ол орыстарды «білімдірек, жауаптырақ, тұрақты» деп сипаттап, тұрмыстық өмірде көбіне соларға жүгінетінін айтқан. Бұл жазбадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оны бір этносты екіншісінен жоғары қойып отыр деп бағалады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жазбадан туындаған дау күшейген соң, Тұрсынов бірнеше рет түсініктеме беріп, ойын дұрыс жеткізе алмағанын айтты. Ол өз халқын жақсы көретінін, ешкімді кемсіту ниеті болмағанын айтып, қазақ халқынан кешірім сұрады.
Алайда бұл түсініктемелер қоғамдағы қызу пікірталасты тоқтата алмады.
PR-маман Айбар Олжай фейсбук желісінде аталған жазбаны ұлттық алауыздық туғызуы мүмкін деп бағалап, Бас прокуратураға ресми арыз түсіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Тұрсыновтың жазбасындағы формулировка бір ұлтты екіншісінен артық қоюға ұқсайды. Ол мұндай сөздердің қауіпті екенін айтып, "бұл — заң бұзуға жата ма, жоқ па – прокуратура шешуі керек" деген ұстанымда.
Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында ұлтаралық араздықты қоздыруға тыйым салынған. Егер бір адамның сөзі қоғамда бөлінушілік туғызып, бір этносты кемсітіп, екіншісін жоғары қойған болса – бұл құқықбұзушылық ретінде қаралуы мүмкін. Бірақ мұндай істерде нақты шешімді тілдік сараптама мен прокуратура береді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.