Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында Komtrans Astana + BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Түркия және Өзбекстаннан келген 230-дан астам компания қатысып, көлік пен құрылыс саласына арналған өнімдер мен шешімдерін ұсынып отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл көрме — көлік, логистика, құрылыс және инфрақұрылым бағыттарын біріктірген Орталық Азия кеңістігіндегі жетекші салалық алаңдардың бірі саналады.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған халықаралық жобаларға қатысып жатқанын айтты. Оның ішінде Орта дәліз, Солтүстік–Оңтүстік бағыты сияқты маршруттарды дамыту басты назарда екені айтылды.
«Мұндай көрмелер нақты идеялар мен жобаларға жол ашып, кәсіпкерлік әріптестікті нығайтуға ықпал етеді», – деді ол.
Шарада жүк және жолаушылар көлігі, құрылыс техникасы, телематикалық жүйелер, сервистік жабдықтар көрсетіліп, көрмеге келген делегациялар үлгілерді өз өңірлеріне бейімдеу мүмкіндіктерін талқылауда. Komtrans көрмесі көлік саласына бағытталған кәсіби платформа ретінде ұсынылса, Eurasian Construction көрмесі құрылыс саласындағы жаңа технологиялар мен шешімдерге арналған.
Көрме аясында панельдік сессиялар, B2B кездесулер және салалық пікірталастар ұйымдастырылған. Қатысушылар өңіраралық логистикалық дәліздер, автотасымалдағы кедергілер, көлік саласындағы кадр мәселесі мен автопаркті жаңарту сияқты тақырыптарды талқылады.
Business Media Central Asia басшысы Ануар Мәлік:
«Komtrans + BUSexpo Astana көрмесі көлік және логистика саласына арналған нақты шешімдер алаңы. Мұнда өнімдер ғана емес, кәсіби әріптестік пен нақты жобаларға негіз болатын келіссөздер жүреді. Алдағы уақытта біз тақырыптық көрмелерді өткізуді жалғастырамыз», -деді
Шараға шетелдік кәсіпорындар да қатысып жатыр. Әсіресе Қытай, Түркия және Өзбекстан компаниялары Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын негізгі платформа ретінде қарастыратынын білдірді. Messe Frankfurt компаниясының вице-президенті Майкл Йоханнес бұл формат Қазақстанның логистикалық дамуы мен халықаралық серіктестікке бейілділігін көрсететінін атап өтті.
Көрмені BMCA ұйымдастырып отыр. Іс-шара ҚР Көлік министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.