homepage
Фото: Конституциялық Сот

Қылмыстық кодекстегі бап кәсіпкерлерге қауіп төндіруі мүмкін - Конституциялық Сот

26.06.2025, 10:00

Конституциялық Сот қылмыстық заңнамадағы «ұйымдасқан қылмыстық топ» туралы баптардың заңдылығын қарады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Себебі – бір азамат өзіне тағылған айыптың әділетсіз екенін айтып, сотқа жүгінген. Ол кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүргенін, бірақ заңда нақты айырмашылық болмаған соң, әрекеті қылмыстық топтың ісі ретінде бағаланғанын мәлімдеген.

Сот үш нәрсеге баға берді: Қылмыстық кодекстегі 245-баптың «қылмыстық топпен» деген бөлігіне, 262-бапқа және Жоғарғы Соттың осы мәселеге қатысты 2001 жылғы қаулысына. Нәтижесінде бұл нормалар Конституцияға қайшы емес деп танылды. Алайда Сот құқық қорғау органдарына ескерту жасап, мұндай баптарды кез келген жағдайға қолдануға болмайтынын айтты.

Нақты талаптар жоқ жерде кәсіпкерлердің де қылмыстық топ қатарына кіріп кету қаупі бар. Мысалы, бірнеше адам бірігіп заңды кәсіп ашса, бірақ ол жерде қылмыстық ниет, келісілген қылмыс, жоспар болмаса — оларды «қылмыстық топ» деп тану дұрыс емес. Заң сол үшін нақты және түсінікті болуы керек.

Сот бұл мәселеге байланысты Үкіметке — заңнаманы нақтылауды, Жоғарғы Сотқа — кәсіпкерлік пен қылмыстық әрекеттің арасындағы шекті анықтап көрсетуді ұсынды. Себебі заңды бизнес жасап жүрген адамдардың жазықсыз қудалануы – мемлекеттің өзі қорғаймын деген құқықтарын бұзады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.