homepage
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ұйғыр ауданынан сақ дәуіріне жататын алтын жүзік табылды

26.06.2025, 10:30

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологтары сақ дәуіріне тиесілі алтын әшекейлер тапты. Археологиялық зерттеу тобы Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Тоғызбұлақ ауылы маңындағы қорғандарда қазба жұмыстарын жүргізген деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Экспедицияға тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақов жетекшілік еткен. Археологтар Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 деп аталған екі қорымда алты қорғанды қазған. Олардың бірінен ерекше алтын жүзік табылды.

Жүзік арыстан бейнесі бедерленген алтын құймадан жасалған және салмағы 8 грамға жуық. Зерттеушілер мұндағы бейнеде әйелдің жүзі, арыстанның тұмсығы мен жалы, бұқа мен қошқар белгілерінің синкреттік үйлесімі бар екенін атап өтті. Бұл сақ дәуірінің рәміздік әлемімен тікелей байланысты.

Сондай-ақ №4 қорғаннан ер мен әйелдің сүйектері, жануарлар сүйегі, алтын тізбектің сынығы мен керамикалық ыдыстар, ал №3 қорғаннан алтын пластиналар табылған. Археологтардың айтуынша, бұл артефактілер б.з.д. IV–III ғасырларға жатады және сол кезеңдегі элиталық жерлеу дәстүрін сипаттайды.

Ғалымдар Тоғызбұлақ маңындағы бұл қорғандар кешенін сақ мәдениетінің маңызды орталықтарының бірі деп бағалап отыр.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.