Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет Жетісу облысында жаңа халықаралық жүк және жолаушылар әуежайын салу жобасын бастады. Жоба Қорғас шекара маңындағы «Шығыс қақпа» АЭА аумағында жүзеге асырылады. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаның жалпы құны – шамамен 250 млрд теңге. Құрылыс үш кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде (2027 жылға дейін) өткізу мүмкіндігі сағатына 50 адам болатын жолаушылар терминалы, жылына 200 мың тоннаға дейін авиаотын сақтайтын қойма және 50 мың тонна жүкке арналған теміржол тұйығы салынбақ. 2032 жылға қарай бұл көрсеткіштер бірнеше есеге өседі.
Келесі кезеңдерде туристік және ойын-сауық инфрақұрылымы, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету орталығы (MRO), бизнес-орталықтар мен қонақүйлер қарастырылған. Әуежай мультимодалды көлік жүйесіне негізделмек – әуе, теміржол және автожол тораптары түйісетін хабқа айналуы көзделіп отыр.
Инвестор ретінде германиялық Skyhansa компаниясы мен қазақстандық Skymax Technologies қатысып жатыр. Инвестициялық келісімге сәйкес, жобадағы қызметкерлердің кемінде 90 пайызы – Қазақстан азаматтары болады.
Үкімет бұл жоба Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтеді деп отыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.