homepage
Фото: juzmedia.kz

Саяси мұрагерлік: президенттердің балалары қайда бара жатыр?

27.06.2025, 10:53

Жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев өзінің қызы Саида Мирзиееваны Президент Әкімшілігінің жетекшісі етіп тағайындады. Қазіргі таңда cаясаттағы мұрагерлік – заманауи авторитарлы жүйелердегі тұрақты құбылысқа айналып келеді. Бұл тренд кейінгі жылдары посткеңестік кеңістікте жиі байқалуда. Саясатқа әкесінің ықпалымен араласқан тұлғалар әлемде де аз емес. Juzmedia сондай кейстерге шолу жасады.

Саида Мирзиеева

1984 жылы туған, Шавкат Мирзиеевтің үлкен қызы. Өзбекстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

 Саида қазіргі лауазымына бірден келе салған жоқ. Ұзақ жылдар саясаттағы «баспалдақтардан» өтті.  Мансабы 2019 жылы басталды. Сол жылы әкесінің бұйрығымен Президент Әкімшілігі жанындағы ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі директорының орынбасары деп тағайындалды. Үш жылдан кейін коммуникация және ақпарат секторының жетекшісі, президенттің көмекшісі болды. Бұл қызметтерде Саида Өзбекстанның халықаралық аренадағы беделіне, әкесінің имиджін қалыптастыруға жауапты болды. Қазір тағайындалған лауазымы елдегі ең жоғары әкімшілік лауазымдарының бірі деп есептеледі. Тікелей президентке есеп беріп, оның саяси шешімдерін іске асырады.

Саида Мирзиеева – үйленген, үш баланың анасы. Күйеуі – ықпалды кәсіпкер Ойбек Турсунов.

Адам Қадыров

Адам Қадыров - Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы, 2007 жылы туған. Небары 18 жаста болғанына қарамастан ол Қадыровтың он баласының арасындағы медиада ең танымал ізбасары.

Адам балалық шағынан бастап қатаң тәртіп, әскери тәрбие мен ислам негізінде өскен. Түрлі жекпе-жек спорт түрлерімен айналысады: каратэ, бокс және ММА. ММА жарыстарына қатысып, бірнеше марапат та алған. Алайда бұл марапаттардың әділеттілігіне күмән келтіргендер де көп. Кейбір сарапшылар оның жүлделерін әкесінің ықпалы арқылы алғанын алға тартты.

Соңғы жылдары Адам Қадыров әкесімен бірге жиі ресми іс-шараларға қатысып жүр. Ол Ресей Федерациясының жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, қоғамдық ортада жиі көріне бастады. Осыған қарап көптеген сарапшылар оны Рамзан Қадыровтың саяси мұрагері ретінде дайындалып жатыр деп болжайды.

Рустами Эмомали

Рустами Эмомали - Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ұлы. Ол 1987 жылы туған. Жас күнінен бастап әкесімен бірге ресми кездесулерге қатысып, түрлі мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істей бастады.

 Рустамидың мансабы 2011 жылдардан бастап, ерекше қарқынмен өсті. Ә дегеннен лауазымды орындарға отырды. Мемлекеттік қаржы бақылау агенттігінің басшысы, Мемлекеттік кеден қызметінің төрағасы, кейін Душанбе қаласының әкімі қызметін атқарды.

2020 жылдан бастап Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасының төрағасы болып келеді. Бұл лауазым ел конституциясы бойынша президенттікке екінші адам саналады. Сондықтан Рустамиді Эмомали Рахмонның мұрагері ретінде қарастыратындар өте көп. Мемлекеттік БАҚ оны “білікті, ұлтжанды және еңбекқор” деп сипаттайды, алайда оппозиция мен құқық қорғаушылар оны биліктің тұқым қуалау жолымен берілуінің белгісі деп сынайды.

Лейла Әлиева

Лейла Әлиева - Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің үлкен қызы, 1985 жылы туған. Ол Мәскеудегі МГИМО-да халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған. Лейла гуманитарлық және мәдени жобалармен белсенді айналысады.

 Ол Әзірбайжандағы ең ірі қоғамдық қорлардың бірі — Гейдар Әлиев қорының вице-президенті. Бұл қор арқылы білім, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік саладағы көптеген жобалар іске асырылады. Сонымен қатар Лейла “Baku” журналының негізін қалаған және бас редакторы болған. Ол бірнеше халықаралық іс-шараларда Әзірбайжан атынан өкілдік етіп келеді. Лейла Әлиеваның бейресми ықпалы зор, ол қоғамда өте беделді тұлға саналады. Кейбір зерттеушілер мен сарапшылар оны ел ішіндегі шешуші гуманитарлық бастамалардың артында тұрған негізгі фигура деп сипаттайды.

Сердар Бердімұхамедов

Сердар Бердімұхамедов - Түркіменстанның қазіргі президенті және елдің бұрынғы басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы. 1981 жылы туған. Білімі бойынша инженер және дипломат. Сердардың ұзақ жыл бойы мұрагер ретінде дайындалғаны жасырған емес.

Әкесі президент болған жылдары Сердар саяси мансабын түрлі мемлекеттік құрылымдарда бастады. Сыртқы істер министрлігінде, министрліктерде, әкімшіліктерде қызмет етті. Кейіннен Ахал уәлаятының әкімі, өнеркәсіп және құрылыс министрі, премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрінің орынбасары секілді лауазымдарды атқарды.

2022 жылы әкесі орнынан кеткен соң, Сердар Бердімұхамедов президенттікке ұсынылып, 73%-дан астам дауыспен сайланды. Қазір ол Түркіменстанда толық саяси билікке ие.

Николай Лукашенко

Николай Лукашенко - Беларусь президенті Александр Лукашенконың кенже ұлы.  2004 жылы туған. Жас болғанына қарамастан, Николай бірнеше жылдан бері әкесінің жанында ресми халықаралық сапарларда бірге жүр. Оның Қытай, Ресей, Куба, ОАЭ секілді елдерге ресми сапарларға барғаны белгілі. Николайды әкесі үнемі ел алдында көрсетіп, оны мұрагер ретінде танытып жүргенін жасырмайды. Ол арнайы күзетпен жүріп, мемлекет басшысындай ресми хаттамалармен қатысады

Николай әскери оқу орындарына дайындалып, дипломатиялық және стратегиялық бағытта тәрбиеленіп жатыр деген ақпараттар бар. Ол қазір ресми түрде мемлекеттік лауазым атқармаса да, ел ішінде ықпалды тұлға ретінде қалыптасып келеді. Александр Лукашенконың оған арнап “болашаққа арналған жоспарлары” бары туралы бірнеше рет айтқаны бар, бұл оны Беларусьте биліктің отбасылық сипат алу ықтималдығын көрсетеді.

Иванка Трамп

АҚШ-та саяси жағдай мүлде бөлек болса да,  1981 жылы Манхэттанда дүниеге келген Трамптың екінші қызы Иванка туралы айта кеткенді жөн көрдік. Трамптың бес баласының арасында медиада танылғаны да - Иванка. Ол мансабын фотомодель ретінде бастаған. Кейін Ivanka Trump деген брендпен киім, косметика шығарады. Әкесі президентке келгеннен кейін Иванка АҚШ президент кабинетінде экономикалық бастамалар және әйел кәсіпкерлігін қолдау бойынша кеңесші қызметіне кірісті. Тіпті бизнесін жауып тастап, Ақ үйдегі қызметіне көңіл аударатынын айтқан еді.

Иванканың күйеуі – Джаред Кушнер елдегі ықпалды кәсіпкердің бірі. Бірқатар БАҚ-тың жазуынша, Трамп кейбір шешімдерін Иванка мен күйеуі Кушнердің ықпалымен қабылдаған.

Иванка Трамп - үш баланың анасы. Қазір саясатта белсенділігі біршама азайған, бірақ қоғамдық имиджі сақталған.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.