Премьер-министр Олжас Бектенов үш жыл ішінде елдің бюджет тапшылығы 2,7%-дан 1,4%-ға дейін қысқарады деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Парламенттің бірлескен отырысында айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
2026 жылы тапшылық 2,5%-ға дейін, 2027 жылы – 1,8%, ал 2028 жылы – 1,4%-ға дейін төмендетіледі деген жоспар бар. Үкімет осы болжаммен үш жылдық бюджет жобасын әзірлеп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Ұлттық қор қаржысы күнделікті бюджет шығынын жабуға емес, тек ірі инфрақұрылым жобаларына жұмсалуы тиіс екенін ескерткен. Бектенов бұл талап толық орындалады деп сендірді.
«Біз Президент тапсырмасын мүлтіксіз орындаймыз», – деді Премьер-министр.
Қаржы тапшылығын азайту мақсатында Үкімет бюджет кірісін ұлғайту, жоспарлау сапасын жақсарту және экономикалық өсімге қол жеткізу бағытындағы реформаларды жалғастыратынын мәлімдеді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.