homepage
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бюджет жоспарының кірісі де, шығысы да 100% орындалған жоқ - қаржы министрлігі

27.06.2025, 16:57

2024 жылы республикалық бюджеттің кірісі де, шығысы да толық орындалмады. Бұл туралы Қаржы министрі Марат Такиев Парламентте баяндады деп хабарлады Juzmedia.kz.

Бюджет кірісі жоспардың 97,2%-ын ғана құрап, 19,6 трлн теңге түсті. Бұған импорт көлемінің азаюы, Теңіз кен орнындағы жобаның кешігуі және қосылған құн салығының бұрын-соңды болмаған көлемде қайтарылуы себеп болды. Мәселен, бюджеттен 1,2 трлн теңге көлемінде ҚҚС қайтарылған – бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Бюджет шығысы да 100%-ға жетпеді – 23,6 трлн теңге немесе 97,8%. Министрдің айтуынша, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға қаражат бөлінгенімен, кей индикаторлар толық орындалмаған.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігі бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану 24%-ға азайғанын, бірақ бәрібір 372 млрд теңгеге жуық қаржы тиімді жұмсалмағанын мойындады. Осы себепті 73 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның 67-сі – басшылық қызметтегі адамдар.

Министр бұдан былай бюджетті түзету және оңтайландыру процесі бойынша Парламентке нақты есеп берілетінін айтты.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.