Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан жасырын есірткі зертханасы әшкереленіп, синтетикалық есірткі таратумен айналысқан қылмыстық схема тоқтатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша жүргізілген арнайы операция қорытындысында мәлім етті, деп хабарлайды Juzmedia «Polisia.kz» басылымына сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, операция Шу қаласынан Алматы облысына дейін «бақыланатын жеткізу» әдісімен ұйымдастырылған. «Тұрар бақшасы» елдімекенінде орналасқан зертхананы көрші елдің екі азаматы басқарған. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 11 келіден астам мефедрон тәркіленді. Бұл – құны 1,6 млн АҚШ долларына бағаланатын, шамамен 35 мың бір реттік доза.
Зертханадағы тінту кезінде қосымша 20 литр және 115 кг психотроптық зат, сондай-ақ 2 тоннадан астам прекурсор тәркіленген. Сарапшылардың бағалауынша, бұл заттардан 120 кг синтетикалық есірткі дайындау жоспарланған. Нәтижесінде қылмыстық ортаға 17,5 млн АҚШ доллары көлемінде залал келтірілді.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жалғасуда.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.