homepage
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар дәрілердің бағасы төмендейді

08.07.2025, 10:53

Денсаулық сақтау министрлігі ірі фармацевтикалық компаниялармен қымбат дәрі-дәрмектердің бағасын төмендету туралы меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды Juzmedia.

Меморандумдарға «АстраЗенека Қазақстан», «Johnson & Johnson Kazakhstan» және «Химфарм» компаниялары қатысып отыр. Құжаттар әлеуметтік маңызы бар және өмірлік қажетті препараттардың бағасын қайта қарауға бағытталған.

«АстраЗенека» компаниясы бөлшек және көтерме саудадағы бағаны төмендетіп, инновациялық терапияны кеңінен қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Компания өкілі Арсен Насырхановтың айтуынша, бұл өзгеріс бірнеше миллион адамға көмек болмақ.

Ал «Johnson & Johnson Kazakhstan» компаниясымен жасалған меморандум жұлын бұлшықет атрофиясын емдеуге арналған Спинраза (Нусинерсен) препаратының бағасын қайта қарауға бағытталған. Бұл препарат сирек кездесетін, бірақ өмірге қауіп төндіретін ауруды емдеуге арналған.

Тағы бір келісім «Химфарм» АҚ-мен жасалды. Компания 2 типті қант диабетін емдейтін Дапаглифлозин препаратының сатып алу бағасын төмендетуге дайын екенін білдірді. Қазақстанда бұл диагнозбен 520 мыңнан астам адам тіркелген.

Келісімдерде сонымен қатар рұқсат етілген сауда үстемелерін сақтау, баға динамикасын бақылау, инновацияны қаржыландыру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірлеу мәселелері қарастырылған.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.