Конституцияның 30 жылдығына орай ел Президенті рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Бұл шара пробацияда жүргендер мен түрмеде отырған азаматтарға қатысты қолданылады, деп хабарлайды juzmedia.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Амнистия бірінші кезекте кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, баласы бар аналарға, қарттар мен І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға қатысты болады. Сондай-ақ, ауырлығы төмен және онша ауыр емес қылмыстар үшін сотталғандарға қатысты жаза жеңілдетіледі немесе толық жойылады. Орташа ауыр қылмыс жасағандар үшін амнистия залал келтірілмеген жағдайда немесе келтірілген шығын толық өтелсе ғана қарастырылады.
Тіпті кейбір ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған сотталушылар да рақымшылыққа ілігеді — егер жаза мерзімінің аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалса.
Қазіргі таңда жазаны өтеу жүйесінде 35 мыңнан астам адам бар. Соның ішінде 4 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Олардың шамамен екі мыңы босатылады, қалғандарының жазасы қысқартылады.
Бас прокуратураның өкілі Еркін Тайкешовтің айтуынша, қазір соттарға жолданатын материалдар дайындалып жатыр. Заң алты ай ішінде толық орындалуы тиіс. Бірақ аса қауіпті қылмыс жасап, адамның өліміне себеп болғандар рақымшылыққа ілінбейді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.