Қазақстанда өз банк картасын, шотын немесе дербес деректерін үшінші тұлғаларға беретін азаматтар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Бас прокуратура ресми мәлімдеме жасады деп хабарлайды Juzmedia.
Бас прокуратураның мәліметінше, интернет-алаяқтық пен есірткі айналымына қатысы бар 50 мыңнан астам адам анықталған. Қазіргі уақытта олардың ішінде қылмыс жасауға көмектескен 6 мыңнан астам дроппердің (яғни картасын пайдалануға берген азаматтар) жеке басы тіркеліп отыр.
Осыған байланысты Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бап енгізілмек. Бұл бапта төлем құралдарын (банктік карта, шот, дербес дерек) басқа адамдарға заңсыз және сыйақы алу мақсатында бергендерге қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделген. Парламент Сенаты бұл заң жобасын қарау үстінде.
Болашақта дропперлер:
– барлық шоттарының бұғатталуына;
– күдікті тұлғалар тізіміне енуге;
– 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасына ұшырауы мүмкін.
Бұл талаптар шетелдік банктерде шот ашып, оны заңсыз мақсатта пайдалануға берген шетел азаматтарына да қолданылады.
Сонымен қатар, жаңа бапта бір жолғы ескерту механизмі қарастырылған. Егер адам өз еркімен құқық қорғау органдарына хабар беріп, қылмыстың ашылуына көмектессе – ол жауапкершіліктен босатылады.
Бас прокуратура азаматтарды алаяқтардың құралына айналмауға шақырып, егер бұрын картасын үшінші тұлғаға берген болса, банкке хабарлап немесе онлайн-банкинг арқылы оны дереу бұғаттауға кеңес береді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.