homepage
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда аллергияны емдеу стандарттары өзгерді

08.07.2025, 17:10

8 шілдеде атап өтілетін Аллергиямен күрес күніне орай Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек стандарттарын жаңартқанын мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда тұрғындардың 20%-дан астамы аллергиялық патологияға шалдыққан. Әсіресе Астана, Алматы және өнеркәсіптік өңірлерде ауру кең таралған. Дүниежүзілік аллергология ұйымы жер бетіндегі адамдардың 40%-ына дейін аллергиямен өмір сүріп жатқанын хабарлайды.

Соңғы жылдары анафилактикалық реакциялардың, соның ішінде өлімге әкелетін жағдайлардың артуы алаңдаушылық тудыруда. Әсіресе дәрілік аллергия еңбекке қабілетті жастағы адамдар арасында жиі кездеседі. Бұл жағдайларда пациентке алғашқы көмек көрсетілгенге дейін жағдайы күрт нашарлауы мүмкін.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар стандарт пен клиникалық хаттамаларды бекітті. Енді аллергияға қарсы көмек көрсетуге қатысты барлық медициналық мекемеде анафилактикалық шокқа қарсы алғашқы көмек қобдишасы мен әрекет алгоритмі болуы міндеттеледі.

Сондай-ақ аллергологиялық кабинеттерде in vivo зерттеулер жүргізген кезде туындауы мүмкін жағымсыз реакциялардың алдын алуға арналған жаңа емшаралар енгізілді.

Азық-түлік қауіпсіздігі де назарда. Тағамдық аллергендер — шаян тәрізділер, жұмыртқа, балық, сүт, қыша, жаңғақ, күнжіт және соя өнімдері — бөлшек саудада және қоғамдық тамақтану орындарында міндетті түрде таңбалануы тиіс.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.