homepage
Фото: gov.kz

Туризм министрлігі қонақүйлерге бақылау құзыретін кеңейтуді көздеп отыр

12.07.2025, 13:51

Алакөл жағажайындағы ахуалды көзбен көріп, бірқатар кемшіліктерге көз жеткізгеннен кейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туристік инфрақұрылымды орталық деңгейде бақылау қажеттігін алға тартты деп хабарлайды Juzmedia.kz

Министрлік таратқан мәлімет бойынша, қазір курорттық өңірлердегі көптеген мәселелер – санитарлық тораптардың, қауіпсіздік белгілері мен ақпараттық тақтайшалардың болмауы, қызмет көрсету сапасының төмендігі – жергілікті атқарушы органдардың бақылауында қалып отыр. Алайда бұл тетіктер өз тиімділігін көрсетпеген.

Осыған байланысты министрлік Мәжілісте қаралып жатқан «Туристік қызмет туралы» заң жобасы аясында өз өкілеттіктерін кеңейтуді көздеп отырғанын хабарлады. Егер өзгерістер қабылданса, туристік нысандар мен қонақүйлердің сапасын бақылау, стандарттарды енгізу және инфрақұрылымды дамыту тікелей министрлік құзыретіне өтеді.

Ресми мәлімет бойынша, еліміздегі қонақүйлердің тек 5,7 пайызы ғана жұлдызды санатқа ие. Министрлік бұл көрсеткішті көтеру үшін бірыңғай стандарт енгізуді және оның орындалуын орталық деңгейде бақылауды тиімді жол деп санайды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының халық шағымдарынан кейін берген тапсырмасынан соң Алакөл маңындағы инфрақұрылым мен қызмет сапасына қатысты Премьер-министр Олжас Бектенов Вице-премьер Ермек Көшербаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа өңірлерге барып, ахуалды реттеуді тапсырған болатын.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.