Соңғы күндері қазақстандық блогерлердің шетелдердегі әрекеттері мен сол үшін тартылған жауапкершілігі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірі – әлеуметтік эксперимент атын жамылып өзге елдің заңдарын елемей, моральдық шекараларды бұзса, енді бірі — халықаралық іздеуде жүрген тұлға ретінде қамауға алынғаны да бар. Ал кейбіреулерінің «әзіл» деп түсіндірген әрекеттері қылмыстық баптармен бағаланған оқиғалар да болды. Juzmedia.kz оқиғаларға көз жүгіртіп көрді.
Қытайдағы қазақ қыздарының эксперименті: сенсация іздеді ме, заңды білмеді ме?
Қытайлық әлеуметтік желілерде соңғы күндері қазақстандық блогердің әрекеті басты тақырыпқа айналды. Жас қыздар өздерін «әлеуметтік эксперимент» жасаушы ретінде таныстырғанымен, жасаған істері бір емес, бірнеше заңды бұзуы мүмкін деген күдік туды. Гуанчжоу мен Шанхай қалаларында жүрген блогер өзінің құрбысының телефонын ұрлағандай етіп, оны бейтаныс қытай азаматтарының қолына ұстатады. Одан кейін «телефоныңды мына адам ұрлады» деп құрбысына көрсетіп, олардың реакциясын жасырын камераға түсірген.
Осыдан бөлек, ол метро мен көшеде жүрген бейтаныс ер адамдардың денесіне рұқсатсыз қол тигізіп, шектен тыс әрекеттер жасаған. Бірнеше сәтте ер адамның бөксесін ұстағаны, екіншісінің білегінен тартқаны бейнежазбаларда анық көрінеді. Бұл әрекет қытайлық желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілігі блогердің қылығын «сексуалды сипаттағы әлімжеттік» деп бағалап, бұл тек әдепсіздік емес, заң бұзушылық екенін жазған.
Қытайдың БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, блогер бұл әрекеттерін алдын ала келісіп қойған адамымен бірге жүзеге асырған. Олар видео үшін арнайы сценарий ойлап тапқан. Қазір бұл оқиға бойынша Гуанчжоу қаласының полициясы тексеріс жүргізіп жатыр. Ал блогердің барлық видеоларына Қытайдағы платформаларда блок қойылған.
Түрікменстан шекарасындағы ұсталу: саяхатшы блогердің заңсыз жолы
2024 жылдың қарашасында әлеуметтік желіде «Еуро Одақ» деген лақап атпен танымал қазақстандық блогер Ерхат Құсайынов Түрікменстан шекарасында ұсталды. Бұл ақпаратты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.
Ресми мәлімет бойынша, блогер Өзбекстан мен Түрікменстан шекарасын заңсыз кесіп өткен деген айыппен тұтқындалған. Түрікменстан – шекара тәртібі өте қатаң елдердің бірі. Мұнда елге заңсыз кіру – ауыр құқықбұзушылық ретінде бағаланады. Ерхат Құсайынов өзінің саяхаттары арқылы танымал болғанымен, бұл жолғы «эксперименті» халықаралық құқыққа қайшы келді.
Абырой болғанда, қазақстандық блогер 2025 жылдың сәуір айында елге оралды.
Мәскеудегі пранк – әзіл ме, қылмыс па?
2021 жылдың соңында Қазақстаннан барған үш блогер — Айдын Түсіпов, Рамир Хасанов және Ерсін Дүмшебай Мәскеуде даулы пранк жасап, соңы түрмемен аяқталған оқиғаға себепкер болды. Олар «Москва-Сити» сауда орталығында мобильді қосымша арқылы қымбат такси шақырған. Көлік келген соң, жүргізуші жолаушылардың заттарын багажға салып жатқанда, блогерлер оның көлігіне мініп, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бірнеше минуттан кейін қайта оралып, бұл тек әзіл болғанын айтып ақталған.
Алайда Ресейдің құқық қорғау органдары бұл әрекетті жеңіл әзіл деп қабылдамады. Сот үкімімен әрқайсысы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегі колонияға жіберілді. Бүгінде барлығы бостандықта.
Черногориядағы қамау: саяси астар ма, заң талабы ма?
2025 жылдың сәуірінде белгілі құқық қорғаушы әрі блогер Дина Таңсәрі Черногорияда тұтқындалды. Жергілікті полиция оны Қазақстанның сұранысы бойынша уақытша қамауға алған болатын. Алайда артынша сот оны қайта босатып, Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Қазір ол күйеуімен бірге Черногорияда қалып, саяси баспана алуға үміттеніп отыр.
Дина Таңсәрі — «НеМолчи.kz» қоры арқылы отандық медиа мен құқық қорғау саласында танымал тұлға. Ол әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыптарын жиі көтеріп, билікке сын айтқан болатын. Бұл тұтқындау қоғамда түрлі пікір тудырды: бірі заң талабы десе, енді бірі мұны саяси астары бар әрекет деп бағалады.
Қазақстандық блогерлер үшін бұл оқиғалар — сабақ әрі ескерту. Желіде ықпал ету мүмкіндігі – үлкен ресурс. Бірақ сол ықпалдың жауапкершілігі де сондай ауқымды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.