homepage
Фото: juzmedia.kz

Бақытжан Байқадамов атындағы хор капелласы жаңа маусымның шымылдығын ашты

22.09.2025, 15:45

Бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының 90-шы концерттік маусымының салтанатты ашылуы өтті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, капелланың бас дирижері Бейімбет Демеуов жетекшілік ететін ұжым көрермендерге хор өнерінің барлық қырын кеңінен паш етті. Дирижер Әсет Ахметов, хормейстерлер Алтынбек Жолдыбаев пен Алмат Есімхановтың кәсіби шеберлігінің арқасында әр шығарма жоғары деңгейде орындалды.

Кеш бойы солистер Роза Бақбергенова, Дияр Нұрсұлтанов, Назерке Абралы, Халид Орынқұл және Мирас Киньяров өздерінің таланттарымен көпшілікті тәнті етті. Музыкалық сүйемелдеуде концертмейстер Асқар Күлшәріповтің атқарған қызметі де ерекше маңызды болды.

Концерт бағдарламасы ұлттық және әлемдік музыкалық мұраның бірегей үлгілерінен құралды. Тыңдармандар Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Құрманғазының «Ақбай», Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», Ғазиза Жұбанованың «Дауыл» және «Жалғыз емен», Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әндерімен құлақ құрышын қандырса, Ақан серінің «Маңмаңгер» мен «Сырымбет» шығармалары Бейімбет Демеуовтің өңдеуінде жаңаша түрде орындалды.

Әлемдік классикадан Орландо Лассо, Клаудио Монтеверди, Петр Чайковский, Сергей Рахманинов, Сергей Танеев сияқты композиторлардың туындылары да кешке көрік берді. Заманауи музыка жанрынан Георгий Свиридов, Валерий Гаврилин, Бобби МакФеррин және Кирби Шоудың шығармалары орындалды. Әсіресе, Бобби МакФерриннің «Don't Worry, Be Happy» әні көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Аталған кеш тек концерт қана емес, сонымен бірге Қазақстанның бай мәдениеті мен өнер тарихына құрмет көрсетудің айрықша көрінісі болды. 1935 жылы Дмитрий Мацуциннің жетекшілігімен құрылған шағын хор 1939 жылы Қазақ КСР үкіметінің шешімімен Мемлекеттік хор капелласы дәрежесін алды.

Ұжымның дамуына Борис Лебедев, Латиф Хамиди, Борис Орлов, Бақытжан Байқадамов және Анатолий Молодов сияқты көрнекті тұлғалар зор үлес қосты. Бүгінгі таңда капелланың репертуарында әлем халықтарының 20 тілінде орындалатын 1000-ға тарта шығарма бар.

Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының 90 жылдық мерейтойы  – үздіксіз шығармашылық ізденістің және қазақ музыка өнеріне қосқан зор үлесінің айқын дәлелі.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.