Атырауда қатты жел тұрып, салдарынан электр жарығы өшіп, тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырлары құлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Нұрсая ықшамауданында көпқабатты үйлердің бірінің қасбеті опырылып, кірпіштері құлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде маңайда адам болмаған, зардап шеккендер тіркелмеді.
Ал Алмагүл ықшамауданында қатты жел жұлып әкеткен металл шатыр Hyundai Elantra маркалы автокөліктің үстіне құлаған. Сонымен қатар қаладағы №1 қалалық емхананың ғимараты да зардап шекті. Желдің екпінімен шатырдың бір бөлігі жұлынып, көршілес тұрғын үйлердің ауласына ұшып кеткен.

«Ауа райының нашарлауына байланысты (жаңбыр аралас қар және қатты жел) электр желілері үзілді. Қазір мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді «Атырау Жарық» компаниясы.
Қазір шығын көлемі нақтыланып жатыр. Тұрғындарға сақтық шараларын ұстанып, көліктерді үйлер мен әлсіз бекітілген құрылымдардың маңына қоймауға және мүмкіндігінше далада ұзақ жүрмеу керектігі ескерілді.
Айта кетейік, 14 желтоқсанда Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланған. Синоптиктер қар, боран және көктайғақ болатынын болжады. Сонымен қатар Air Astana әуе компаниясы Атырау қаласын қоса алғанда, екі қалада рейстердің кешігуі мүмкін екенін ескертті.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.