homepage
Juzmedia.kz

Қаңтарға шолу: Әжуаға айналған заң, Мағауиннің соңғы сөзі, Қаңтар үкімі

Juzmedia. kz
01.02.2025, 04:07

Қаңтар айы Қазақстан үшін несімен есте қалды? Президент Тоқаевтың сұқбатын сарапшылар қалай сынға алды? Трамптың қайта сайлануы Орталық Азия елдеріне қалай әсер етеді? Елдің саяси және әлеуметтік өмірінде қандай елеулі өзгерістер болды? Қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік үрдістерді қадағалау мақсатында Juzmedia қаңтар айына арналған арнайы шолуын ұсынады.

ТОҚАЕВТЫҢ СҰҚБАТЫ

2025 жылдың алғашқы парақтары «Ана тілі» газетінде 3 қаңтарда жарық көрген президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұқбатымен ашылды. Кезектен тыс сайлаудан бұрын өз жоспарын іске асыруға ниетті екенін жеткізген Тоқаев экс-президент Назарбаевты «саяси сыпайылық сақтамайтын» деп сынады.

Қоғамда ерекше дүмпу тудырған Шерзат Болаттың өліміне қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы мәлімдеме жасаумен шектелуі көпшіліктің сынына ұшырады.  

«Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды... Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», - деді Тоқаев журналист сауалына.

Фото: Ақорда

Желі қолданушылары Тоқаевтың бұл қайғылы оқиғаға байланысты нақты әрі шешуші қадамдар қабылдамағанын сынға алды. Бұл жағдайда, әсіресе, заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету міндетін атқаратын органдардың әрекетсіздігі немесе баяулығы айыпталды.

МАҒАУИННІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Қаңтар айы қос алыптың қазасымен қайран қалдырды. Қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында АҚШ-та қайтыс болды. Сондай-ақ абайтанушы, филолог Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасқа қараған жасында өмірден озды.

Осы орайда Juzmedia агенттігі Мұхтар Мағауиннің көзі тірісінде журналист Ая Өміртайға берген соңғы сұқбатын көпшілікке ұсынды. Сұқбат барысында Мұхтар Мағауин қазіргі геосаяси жағдайды талдай отырып, Ресейдің келешегі жайлы және ондағы қазақтар мен туысқан түркі халықтары жөнінде көзқарасын білдіреді. Жазушының ойынша, үлкен держава болуға ұмтылған мемлекеттің ішкі қайшылықтары саяси тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.

Мұхтар Мағауин өмірінің соңғы жылдарында баспасөзге сирек сұқбат беріп, тек маңызды ойларын публицистикамен ғана жеткізіп келген-ді. Бұл сұқбат жазушының халыққа, оқырмандарына арнаған ақырғы аманаты іспетті. Мұнда қаламгердің туған ұлтына деген жанашыр ойлары мен айқын болжамдары анық көрініс тапқан.

Фото: magauin.com

ӘЖУАҒА АЙНАЛҒАН ЗАҢ

Жуырда Петропавл қаласында көлігін 5 минуттан артық қыздырған тұрғынға алғашқы айыппұл салынды. Бұл оқиға қоғамда үлкен талқы тудырып, қысы қатты аймақтарда аяз кезінде көлікті 5 минутта қыздыру мүмкін еместігін айтып, аталған шектеуді сынға алды.

ІІМ мәліметінше, Қазақстанда көлікті аулада 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салатын ереже бұрыннан бар. Бұл нормаға сәйкес, оталдырылған көлік тұрғын аудандарда 5 минуттан артық тоқтап тұруына тыйым салынады. Ережені бұзған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады, бұл шамамен 19 660 теңге.

Өз кезегінде депутаттар да бұл мәселеге назар аударып, Ішкі істер министрлігіне ережені қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Олар қатты аяз кезінде көлікті қыздыруға 5 минут жеткіліксіз екенін алға тартты.

Depositphotos

Әділет министрлігі өз кезегінде бұл норманы қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді.

Дегенмен бұл шектеу әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып, әжуаға айналды. Мысалы, TikTok платформасында «5 минут» тақырыбына арналған бейнероликтер кеңінен таралды.

«ЧЕЛСИДЕГІ» АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ

Дастан Сәтпаев – «Челси» клубына ауысқан алғашқы қазақ футболшысы. 2025 жылдың қаңтарында 16 жастағы қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев Лондонның «Челси» клубымен келісімге келді. Бұл трансфердің құны 4,3 миллион еуроға бағаланып, қазақстандық футбол тарихындағы ең қымбат келісімшарттардың біріне айналды.

Дастан 2026 жылдың тамызында 18 жасқа толған соң ғана «Челси» сапына толыққанды қосылмақ. Ол ағылшын клубымен 5 жылдық келісімшартқа қол қояды, сондай-ақ келісімді қосымша 1 жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Фото: kazfootball.kz

Еуропалық топ-клубтардың назарына іліккен жас талантқа «Челсиден» бөлек, «РБ Зальцбург», «Байер», «Бенфика» және «Реал Сосьедад» секілді клубтар қызығушылық танытқан. Дастан 2024 жылдың мамырында «Қайрат» сапында кәсіби дебютін жасап, QJ лигасында 12 матчта 19 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген.

Бір айта кетерлігі, Өзбекстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусановтың «Манчестер Сити» клубына ауысуы Орталық Азия елдері футбол тарихындағы алғашұы жағдай еді. Бұған дейін ешқандай ойыншы ағылшын Премьер-лигасының үздік клубтарына ауысқан емес.  Осы жаңалықтан соң көп ұзамай қазақ футболшысының еуропалық топ-клуб назарына ілігуіне Қазақстан тарапы ықпал етуі мүмкін деген күмәнмен қарағандар да табылды.

ТРАМПТЫҢ ҚАЙТА САЙЛАНУЫ МЕН ӨРЕСКЕЛ КӨЗҚАРАСЫ

2025 жылы қаңтарда Дональд Трамп АҚШ-тың 45-ші президенті болып қайта сайланды. Ол 2024 жылғы сайлауда жеңіске жетіп, Джо Байденді жеңген. Трамптың қайта сайлануы әсіресе ірі бизнесмендер мен кәсіпкерлер арасында қолдау тапты, себебі оның экономикалық саясаты, салық жеңілдіктері және реттеу саясаттары үлкен пайда әкелді.

Бірақ оның қайта сайлануына қатысты әртүрлі сын да бар, әсіресе оның бұрынғы саясаттары мен көзқарастары қоғамда даулы пікірлер туғызды.

Ол Мексикамен шекараға қабырға тұрғызу қажеттігін айтты және Мексикадан келген мигранттарды қылмыскерлер деп сипаттады. Бұл пікірлер оған қарсы шыққан көптеген әлеуметтік топтар мен иммиграциялық құқық қорғаушылар тарапынан сыналды.

© AP Photo / Alex Brandon

Батыс баспасөздері Трамптың «әуелі Америка» саясаты аясында АҚШ-тың сауда келісімдеріне қайта қарау және жаңа тарифтер енгізу мүмкіндігі бар екендігін жазды. Бұл жаһандық сауда жүйесіне әсер етіп, Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның, экспорттық нарықтарына ықпал етуі мүмкін. Мысалы, Трамптың Азиядағы сауда келісімдерінен шығуы аймақ елдеріне айтарлықтай әсер еткен болатын.

Жалпы алғанда, Трамптың екінші мерзімі Орталық Азия мен Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер әкелуі мүмкін. Бұл өзгерістердің нақты әсері уақыт өте келе анықталады және аймақ елдерінің ішкі және сыртқы саясаттарына байланысты болмақ.

ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫН КӨТЕРУ

Үкімет қабырғасында көтерілген қосымша құн салығын 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеру мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. 2023 жылы Ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыров ҚҚС мөлшерін 12%-дан 16%-ға дейін арттыруды бұған дейін де ұсынған-ды. Сарапшылар қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерінің көтерілуі экономикаға негізінен теріс әсер етуі мүмкін екенін алға тартады.

Атап айтқанда, қымбатшылық қысып, инфляция өсуі мүмкін. Азық-түлік, тұрмыстық тауарлар және басқа да күнделікті тұтыну заттары бағасының қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді. Бұл экономикаға жалпы теріс әсер етуі мүмкін, себебі инфляцияның артуы тұтынушы сұранысының төмендеуіне әкеледі.

Одан бөлек, ҚҚС мөлшерінің көтерілуі бизнес жүргізу шарттарын қиындатуы мүмкін, себебі салықтық әкімшіліктің күрделенуі, бақылаудың күшеюі кәсіпорындар үшін қосымша шығындар мен қиындықтар туғызады. Жекелеген кәсіпкерлер шағын және орта бизнес үшін қиын болатындығын айтады.

Фото: apk-news.kz

Қазіргі уақытта ҚҚС мөлшерін көтеру мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Қорытынды шешім әлі қабылданған жоқ.

Еске салайық, ЕАЭО-ға мүше елдер арасында Ресей мен Қазақстанда инфляция ең жоғары деңгейде. 2024 жылдың желтоқсан айында Ресейде инфляция 9,5%-ға, Қазақстанда желтоқсан айында инфляция 8,6%-ға жеткен. Инфляциялық қысымға байланысты Ұлттық банк 17 қаңтарда базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде қалдырды.

ҚАҢТАР ҮКІМІ

Қаңтар оқиғасы – Қазақстан тарихында үлкен әлеуметтік және саяси толқуларға әкелген маңызды оқиға. 27 қаңтар күні Алматыдағы №72 тергеу изоляторында Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Екі жылға созылған істе 44 адам айыпталушы ретінде танылды. Олардың арасында қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман), Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты әрі кәсіпкер Қайрат Құдайберген, ҰҚК-нің бесінші басқармасының бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов, қаржы полициясының экс-агенті Талғат Махатов және журналист Бердах Бердімұрат бар.

Атап айтқанда, Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман) 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Руслан Ысқақов 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынды.

Қайрат Құдайберген 8 жылға, Бердах Бердімұрат 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот отырыстары 2023 жылдың 6 қыркүйегінде басталып, үкімге дейін жабық режимде өтті. Бұған Руслан Ысқақовтың соттың алғашқы тыңдауларында 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде бұйрықты ҰҚК-нің экс-төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіштен алғанын мәлімдеуі себеп болды.

2024 жылдың наурызында Самат Әбішке билікті асыра пайдаланды деген айып тағылып, оған шартты түрде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Сарапшылар бұл үкімді сынға алып, заң үстемдігіне қайшы деп бағалаған.

Видеодан кадр

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.